Іргелі білім ордасындағы айтулы шара! Мағжан Жұмабаев атындағы IT-мектеп-лицейінде “Даналық мектебі” ашылды. Аты айтып тұрғандай, мұнда өскелең ұрпақтың бойына тәлім мен тәрбие тереңінен сіңірілмек. Ол үшін арнайы жабдықталған кабинет бірнеше бағыт бойынша жұмыс істейтін болады. Ашу салтанатына қазыналы қарттар қатысты. Ақ жаулықты әжелер жиналғандарға тоқыма өнерін көрсетті, салт-дәстүр жайлы айтты, жастарға бата берді. Өз кезегінде ұл-қыздар да аянап қалмады. Олар қонақтарға театрландырылған қойылым ұсынды. Музыкалық астапта ойнайтындары әсем әуенмен көпшіліктің құрметіне бөленді.
ДАНАШ ТЕМІРБЕКОВА, М.Жұмабаев атындағы IT-мектеп-лицейі директорының орынбасары:
– Бұл жерде аталар, әжелер, әкелер, жеңгелер клубы жұмыс істейтін болады. Мұнда отбасылық құндылықтар, бала тәрбиесіндегі ата-аналардың рөлі туралы айтылады. Мұғалімдер тарапынан көмек көрсетіледі.
Байболат Құлтанов