Қоғам

Тайыншалық бригадалар Большая Малышка ауылына көмекке келді

БАЙБОЛАТ БЕКТЕМІРҰЛЫ, тілші:

– Қызылжар ауданы Большая Малышка ауылындағы Құрылысшылар көшесі тасқын кезінде тұтас судың астында қалды. Жергілікті тұрғындарды сөзге тарттық. Олардың айтуынша, қиын-қыстау күндері су мына электр көрсеткіштерін тіркейтін құрылғының ортасынан келген. Осыдан-ақ жағдайдың қандай болғанын ұғынамыз.

Бұл үйде Нина Ковалева жалғыз тұрды. Жасы 80-ге таяған жерлесіміз өткен күндерді есіне алса, еріксіз күрсінеді. Мұнтаздай таза тұрған бөлмелерді лай басқан. Зейнеткер қолданған заттарды әрең анықтап алуға болады.

НИНА КОВАЛЕВА, Большая Малышка ауылының тұрғыны, Қызылжар ауданы:

– Су келетін күні бізді мектепке жинады. Кешкі 6 кезінде үйден кеттім. Ал түнгі 2-де Пеньково ауылына көшірді. Қазір қалада тұрып жатырмын. Баспанамда мамандар болды. Барлығын қарады, тексерді. Әлі нақты қорытынды қолыма тимеді.

Бүлінген мүліктің жарамдысы кептіріледі. Ал жарамсызы бұзылады. Заттарды Тайынша ауданынан көмекке келген бригадалар сыртқа шығарып жатыр. Жігіттер бұған дейін Петропавлда тер төкті.

АЗАМАТ САБЫРОВ, Тайынша ауданы әкімінің орынбасары:

– Біз Ойқала ықшам ауданында жұмыс істедік. Қоқыс шығардық. 6 үйді мамандарымыз әлі жөндеп жатыр. Қолы босаған жігіттер Большая Малышка ауылына жеткізілді. Жалпы, Тайынша ауданынан облыс орталығына 35 адам мен бірнеше техника келді. Мұнда маңызды шаруа аяқталғанша болып, халыққа көмектесеміз.

Қоса кетейік, Большая Малышка ауылында 360 астам үйге су кірген. Бұл – елді мекендегі баспаналардың шамамен барлығы.

 

Байболат Құлтанов