Қоғам

Ойқала ықшам ауданындағы қызу жұмыс

Юрий Корнилов – Ойқала ықшам ауданының тұрғыны. Баспанасы бір ай бойы суда тұрды. Судың еден-қабырғаға әбден сіңгені соншалық иесі тұруға енді жарамас деп ойлапты. Бірақ, мамандардың таразылап-бағалауынан кейін жөндеу жүргізуге болатындығы анықталған.

ЮРИЙ КОРНИЛОВ, Ойқала ықшам ауданының тұрғыны:

– Мамандар үйімді қарап шықты. Жөндеу жүргізуге жарамды деп танылды. Нақты сметасы әлі шыққан жоқ. Нәтижесін күтудеміз. Әзірге, үйдің ішіндегі бүкіл дүниені сыртқа шығардық. Негізі, ешқайда көшкім келмейді. Өз еңбегіммен салған үй. Қызыммен және жұбайыммен тұрамын. Әзірге, пәтер жалдаудамыз.

МӘДИНА ҚАБИ, тілші:

– Ойқала ықшам ауданында Айыртау ауданынан келген механикалық бригадалар жұмыс істеп жатыр. Мамандар 100-ден астам үйді бағалаған. Оның жартысынан көбі тұруға жарамсыз болып шығыпты.

Қазір айыртаулық мамандар тазалау жұмысын жүргізуде. Іске 1 жүк тиегіш, 5 көлік жұмылдырылған. Мамандар бүкіл үйдің ішіндегі заттарды шығарып, кептіруде. Кейін тұруға жарамды деп танылған үйлерге жөндеу жүргізеді.

ЕҢБЕК ИСИН, Айыртау ауданы әкімінің орынбасары:

– Қазір 4 бригада жұмыс істеп жатыр. 7 адамнан 28 адам. Қазір 5 үйді бұзып жатыр. 3 үйді алып тастады. Енді сәкілерді, іргелерін бұзуда.

Жалпы, Ойқала ықшам ауданында 1400-ден астам үйді су басқан болатын. Қазір бұнда Айыртау, Ғ.Мүсірепов және Уәлиханов аудандары мен қаладан құрылған механикалық бригадалар жұмыс істеп жатыр.

 

Мәдина Қаби