ТЖ

Өрт қауіпсіздігін сақтамаған 80-нен астам адам жауапқа тартылған

Қазір жер-жерде соның ішінде елді мекендерде тұрғындар сенбілік өткізіп жатыр. Жиналған қоқысты біреу көлікке артып, полигонға апарады, біреу жағып жібереді. Жаққанның өзінде белгілі бір қауіпсіздік ережесін ұстану қажет. Өйткені, жел тұрса, жақын маңда жанғыш зат болса, қоқыс жағудың соңы өртке ұласып кетуі мүмкін.
Кейбіреуі тіпті қоқысқа немесе қураған шөпке от қойып, оны қарамай кетіп қалған жағдайлар да белгілі. Төтенше жағдайлар қызметінің мамандары өңірде жыл басынан бері осындай жайттың 12-сін тіркеген. Салдарынан тілсіз жау 4 гектарлы жерге зақым келтірген. Ұстанатын қағида қарапайым: қоқысты темір дүниенің ішіне жағу керек, тұрғынжай мен оттың ортасында кемінде 150 метрдей алшақтық болуы қажет. Қазір мамандар облыс көлемінде рейд жүргізіп жатыр. 50-ден астам мобильдік топ құрылған. 400-ден астам рейдтік іс-шара өткізілген. Өрт қауіпсіздігін сақтамаған 80-нен астам адамға ескерту берілген. Ескертуді елемей, қателікке тағы жол берсе 18 мың теңге айыппұл салынады.

 

Гүлден Сембаева