Білім

Оқу жылының қорытындысы

Көзді ашып-жұмғанша оқу жылы да аяқталып қалды. Алда оқушылар мен ұстаздарды демалыс күтіп тұр. Ал білім басқармасы жайдарлы жазда бірсыпыра істі тындыру керек. Жоспар ауқымды. Атқарылған және атқарылатын жұмысты журналистермен жүздескен өңірдің бас ұстазының міндетін атқарушы Татьяна Протопопова баян етті.

ТАТЬЯНА ПРОТОПОПОВА, СҚО білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы:

– Оқушыларды тасымалдау үшін былтыр 29 автобус сатып алынды. Биыл тағы 20 көлік алуды көздеп отырмыз. Облыс аумағында су жаңа 42 пәндік кабинет те пайда болады. Өткен маусымда 50 білім беру нысанында күрделі жөндеу жұмысы жүргізілді. Оған 4 млрд теңгеден астам қарды жұмсалды. Алдағы жазда 51 мекеме жөндеу көрмек. Жұмыстарға 6 млрд теңге бағытталады. Сонымен қатар, 600 млн теңгеге мектеп аумақтары қалыпқа келтіріледі.

Облыста инклюзивті білім беру бағытында ауқымды жұмыс атқарылып жатыр. Биыл Айыртау ауданы мен Петропавл қаласындағы №42 орта мектеп қабырғасында арнайы кабинеттер ашылмақ. Одан бөлек, алдағы қыркүйекте облыс орталығындағы Береке ықшам ауданында тағдырдың тәлкегіне ұшыраған ұл-қыздар үшін заманауи оқу орны қолданысқа беріледі. 300 орынға шақталған білім ұясында 50 жатын орны болмақ.

ТАТЬЯНА ПРОТОПОПОВА, СҚО білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы:

– 24 мамыр күні 9:00-де еліміздің барлық мектебінде «Білімім – Отаныма!» атауымен біріңғай сынып сағаты өтеді. Ал 25 мамыр күні 11-ші сынып оқушыларына арналған «Мектебім, саған мың алғыс!» атты салтанатты шара ұйымдастырылады. Бұл ретте ата-аналардың, ұстаздардың құлағына алтын сырға! Шамадан тыс шашылуға жол жоқ. Алда ҰБТ келе жатыр. Сынақ елімізде 16 мамыр мен 5 шілде аралығында өтсе, бізде 25 мамыр мен 12 шілде аралығында өтеді. Биылғы емтиханның өзіндік ерекшелігі бар. Егер түлек жазғы тестілеуде аз ұпай жинаса, наурыздағы немесе қаңтардағы жоғары ұпай есепке алынады.

Биыл аймақта 3 мыңнан астам оқушы үлкен өмірге қанат қақса, соның 85-і – «Алтын белгі» төсбелгісіне үміткер. Өкінішке қарай, бес саусақ бірдей емес. Жақында Петропавлда жаға ұстатарлық жағдай орын алды. Бірер аптадан кейін мектеп тәмамдайтын бала өзінен бір жас үлкен тұрғынға пышақ сұғып алды. Оқиға білім ұясының аумағында тіркелді.

ТАТЬЯНА ПРОТОПОПОВА, СҚО білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы:

– Қылмыс жасаған бала арнайы мектепте оқыған. Кәмелет жасына толғасын ол өзінің мектебіне жіберілген. Қайта қабылдау кезінде ұжымға тәртіпті жүретінін, оқығысы және аттестат алғысы келетінін айтқан. Осылайша, ұстаздарды сендірген. Алайда, көп ұзамай заң бұзылды. Осы үшін директор жазаға тартылды. Оған қатаң сөгіс жарияланды.

Баспасөз мәслихаты соңында Татьяна Протопопова оқушыларға жақсы демалыс тіледі. Ұл-қыздар қауіпсіздікті ұмытпауы тиіс. Бұл ретте ана-аналар жауапкершілік танытуы міндетті.

 

Байболат Құлтанов