Аптадағы маңызды жаңалықтар

Облыстық әкімдік отырысы

Әкімдік отырысы тағайындаудан басталды. Көлік министрлігінің бұйрығымен Абылай Қазбаев Солтүстік Қазақстан облысы бойынша көліктік бақылау инспекциясының басшысы болып тағайындалды. Кейін отырыстың алғашқы сұрағы бойынша жылыту маусымына дайындық барысы талқыланды. Биыл екінші ЖЭО-ның жөндеу жұмыстарына 17,6 млрд теңге қаражат бөлінген. Бұл қаржыға 4 қазандық мен 3 турбоагрегатты күрделі жөндеу және қайта жаңарту, сондай-ақ, мұржаны жөндеу жүргізіледі. Жаңа мұржаның құрылысы жүріп жатыр.

АНАТОЛИЙ КАЗАНОВСКИЙ, «Севказэнерго» АҚ бас директоры:

– Қаланы жылумен қамтамасыз ету үшін 2024-2025 ЖЖЖ-ға кірген кезде 5 қазандық агрегаты мен 5 турбоагрегат пайдалануға жеткілікті болады. Қазан айына дейін 10 дана қазандық агрегаттары бойынша жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады, турбоагрегаттар бойынша 5 дана көлемінде жөндеу жүргізілетін болады, бұл жабдықтың қажетті санына сәйкес келеді.

Солтүстік Қазақстан электр тарату компаниясы 402 шақырым электр желісін және 54 қосалқы станцияны жөндеуді және қайта құруды жоспарлап отыр. «Көкшетау Энерго» 1070 шақырым электр желісі мен 186 қосалқы станцияны жөндейді. Ал «Петропавл жылу желілері» 7 шақырым жылу желілеріне жөндеу және қайта жаңарту жұмыстарын жүргізеді. Екі жылу магистралінің құрылысы да аяқталмақ.

ЖАНАТ СӘДУАҚАСОВ, СҚО энергетика және ТҮКШ басқармасы басшысының міндетін атқарушы:

– Ағымдағы жылы бұл жобаларды жылыту маусымы басталғанға дейін аяқтау жоспарлануда. Алдағы жылыту маусымына дайындалу үшін қазандықтарды, жылумен, сумен жабдықтау желілерін жөндеу, қазандықтарды ауыстыру, әлеуметтік сала объектілерін күрделі жөндеу және реконструкциялау қажет. Сондай-ақ, көппәтерлі тұрғын үйлерді дайындау маңызды.

Алдағы жылыту маусымына дайындық барысында көмір қоры да қамтамасыз етілуі тиіс. Қазіргі таңда қоймада 156,9 мың тонна көмір бар. Ал халық үшін көмірге деген қажеттілік 399,3 мың тоннаны құрап отыр. Жылыту маусымына дайындық барысында облыста бюджеттік ұйымдардағы 151 қазандықты ауыстыру жоспарлануда. Ол үшін 1,5 млрд теңге көлемінде қаражат бөлінген. Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов жауапты мемлекеттік органдарға жоспарланған барлық жұмыстарды мерзімінде аяқтап, алдағы жылу беру маусымының үздіксіз өтуіне толық дайындықты қамтамасыз етуді тапсырды.

ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Осы мәселелер су басқан аудандарда жылу сумен жабдықтау, кәріз желілеріне техникалық тексеру жүргізуді тапсырамын. Ағымдағы жылдың 15-ші шілдесіне дейін энергетика және ТҮКШ басқармасына тексеру актілерін ұсыну керек. Аудандар мен Петропавл қаласының әкімдері автономды қазандықтарда, орталық қазандықтарда көмірдің 100 пайыздық қорын қамтамасыз етсін. 2024 жылдың 1-ші қыркүйегіне дейін жұмысты толықтай аяқтауды тапсырамын.

Отырыс барысында балалардың жазғы сауықтыру демалысына дайындық мәселесі қаралды. Биыл облыс бойынша 1-10 сынып оқушыларының 94 пайызын жазғы демалыстың бірнеше түрімен қамту жоспарлануда. Сонымен қатар, тасқыннан зардап шеккендердің балаларына жазғы демалыс ұйымдастырылды.

ТАТЬЯНА ПРОТОПОПОВА, СҚО білім басқармасы басшының міндетін атқарушы:

– Жазғы кезеңде 11 демалыс лагері жұмыс істейтін болады. Маусымның ашылуы 10-15 маусым аралығына жоспарланған. 10 күнге созылатын 5 маусым анықталды, 6145 бала қамтылмақ. Оған қоса, су тасқынынан зардап шеккен балалардың жазғы демалысын қамтамасыз ету жұмыстары да ұйымдастырылды. Қазірдің өзінде 106 бала демалысқа жіберілді.

Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов жазғы сауықтыру демалысын ұйымдастыруды тапсырды. Аймақ басшысы жазғы лагерьлердің маусым басталуына толық дайын болуын қамтамасыз етіп, балалардың қауіпсіздігіне баса назар аударуды тапсырды.

ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Бізде Айыртау, Ақжар, Тимирязев, Уәлиханов ауданында балаларға арналған жазғы сауықтыру лагерьлері жоқ. Ғ.Мүсірепов ауданында 1 лагерь апатты жағдайда. Әрине, бұл өкінішті жағдай. Балалар көрші аудандарға барып демалуға мәжбүр. Осы орайда жұмысты күшейту керек.

ҚР үкіметінің қаулысына сәйкес, 2025 жылы ұлттық ауыл шаруашылығы санағын өткізу жоспарлануда. Аталмыш санақ ауыл шаруашылығы құрылымының жай-күйі туралы ақпарат алуға мүмкіндік бермек.

ЖОРАБЕК ДӘУРЕНОВ, СҚО ұлттық статистика бюросы департаментінің басшысы:

– Біздің облыс бойынша бұл – ауыл шаруашылығы өндірісі мен ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеумен және сақтаумен айналысатын 1,5 мың заңды тұлға, 5400 шаруа қожалығы, жеке кәсіпк және 25 мыңға жуық саяжай. Жалпы алғанда, барлығы – 150 мың премиум субъекті санақтан өтуі тиіс.

Жиын соңында облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов жауапты мемлекеттік органдарға аталмыш мәселелер бойынша барлық жұмыстарды мерзімінде аяқтап, жүйелі жұмыс атқаруды тапсырды. Сондай-ақ, республикалық «Таза қазақстан» акциясына жауапкершілікпен қарауды атап өтті.

 

Гүлден Сембаева