Қоғам

Облыс әкімі Бескөл ауылының тұрғындарымен кездесті

Аймақ басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов Бескөл ауылының тұрғындарымен жиын өткізді. Кездесуде бірқатар өзекті мәселе көтерілді. Бескөлдіктердің айтуынша, бағалаушылардың шешімі көңіл көншітпейді. Жергілікті тұрғын Азамат Болатұлы
“Арнайы мамандар тасқыннан зардап шеккен үйлердің ешқайсысын апаттық күйде деп таныған жоқ”,- дейді.

АЗАМАТ БОЛАТҰЛЫ, Бескөл ауылының тұрғыны:

– Күрделі жөндеу жүргізген үйлерге кіргеннен кейін 3-4 жылдан кейін тағы осындай су келмейтіндігіне кім кепілдік береді? Біздің ауданның әкіміне көп рахмет, барлық жерге қағаз жіберіп жатыр. Бірақ, біз жауап ала алмай отырмыз. Есілден мың метр жерде тұрамыз.

Көпшілікті баспаналарының болашағы алаңдататыны анық. Қараша халық су алып кеткен баспаналарды қызыл аймаққа енгізу қажет дейді. Жасұлан Кәкімовтің үйіне 2 апта бұрын техникалық тексеру жүргізілген. Күрделі жөндеу жүргізуге жарамды деп танылған баспананың іргетасы бір күн бұрын бұзыла бастапты.

ЖАСҰЛАН КӘКІМОВ, Бескөл ауылының тұрғыны:

– Ауа райының құбылмалылығына байланысты үйдің іргетасы ойнай бастады. Осылайша, баспананың негізін жарық пайда болды. Пеш те құлады. Үйдің ішінде ылғалдан саңырауқұлақ өсіп кетті. Менің анам қатерлі ісік дертімен ауырады, әкем инсульт алған.

Ер адам үйді тағы қайта бағалауды сұрайды. Өңір басшысы үйлерге техникалық тексеру жүргізетін мамандар олардың тарапынан қандай да бір олқылық анықталған жағдайда заң алдында жауап беретінін айтты.

ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысның әкімі:

– Егер сіз бір нәрсемен келіспесеңіз, онда өзіңіз бағалаушы жалдап, қайта тексеру жұмысын жүргізуге құқылысыз. Бірақ, біз бейінді мамандарды мемлекет тарапынан қайта жібере алмаймыз. Өйткені, қазір үйлердің өзін жөндеуге көп қаржы кетіп жатыр. Баспаналарға тиісті тексеріс жүргізілді. Үйлерді бір рет қарап өттік, бір рет тексеріс жүргізілді. Барлық құжат прокуратурада бар.

“Жиында жөндеуден кейін тексеріс бола ма?” деген мәселе де көтерілді.

– Что такое капитальный ремонт и будет ли потом технадзор?

ГАУЕЗ НУРМУХАМБЕТОВ, аким Северо-Казахстанской области:

– Раз вынесли решение о проведении капитального ремонта, на него будет сделана дефектовка и смета. Сегодня в городе дома уже ремонтируются. Вы сами себе затягиваете время. Есть недовольные ремонтом, я прямо скажу. Они говорят: «Вы что, дали мне всего лишь 4 млн. Я посчитал как специалист – минимум 20 млн надо». Мы даём деньги на основании сметы, тех документов, которые будет выпускать специализированная организация.

Су басқан үйлердің тұрғындары қаласа, жөндеу жұмыстарын өздері жүргізе алады.

ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысның әкімі:

– Біздің облыста тасқыннан зардап шеккен тұрғындардың 70 пайызға жуығы жөндеу жұмысын өзіміз жасаймыз деп отыр. Олардың тиісті есепшоттары бар. Азаматтар 100 АЕК, содан кейін мүлік үшін 150 АЕК көлемінде көмек алды. Біз смета негізінде күрделі жөндеуге қажет соманы сол есепшотқа аударамыз. Үй иесі бізге тиісті қаржыны алдым деп құжат береді және 4-5 айдың ішінде үйін жөндеп, атқарылған жұмыстың фотосуретін жолдауы тиіс.

Сенатқа Есіл өзенінің жиегінде құрылыс жүргізуге тыйым салынған аумақты 100 метрден 1 шақырымға дейін кеңейту туралы ұсынысхат жолданған. “Бұл мәселені заңнамалық тұрғыда реттеу қажет”-, деді Ғауез Нұрмұхамбетов. Жалпы, қазір облыста барлық тұрғын үйді бағалау және техникалық тексеру жұмыстары аяқталған. Сметалық есептеулер, техникалық байқау және бағалау бойынша құжаттаманы беру мамырдың 25-іне дейін тындырылады.

 

Гүлден Сембаева