НҰРАСЫЛ АХМЕТ, тілші:
– Су тасқыны кезеңінде өңірімізге тонна-тонна гуманитарлық жүк келгені белгілі. Соның ішінде ұн да болды. Ас атасы жасалатын өнім қоймаларда сақталып қалмайды. Жүздеген қап “Петропавл нан-тоқаш комбинаты” серіктестігіне тапсырылмақ. Одан бөлкелер пісіріліп, тасқыннан зардап шеккен жандарға тегін таратылады.
Мұндай игі іс Петропавл нан-тоқаш комбинаты облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы арасындағы келісім аясында жасалып отыр. Бүгін тараптар ортақ келісімге келді.
СӘЛІМХАН СӘБИТОВ, облыстық ҚХА мүшесі:
– Төтенше жағдай енгізілгеннен бастап, жан-жақтан әртүрлі кәсіпкерлер біршама көмек көрсеткен болатын. Соның ішінде екі компания 3 тонна ұн жеткізді. Өздеріңіз білетіндей, ұнды ұзақ уақыт сақтай алмаймыз. Сол үшін “Петропавл нан-тоқаш комбинаты” ЖШС-мен келісімшартқа отырдық. Бұл – СҚО ҚХА-ның идеясы.
Тасқыннан зардап шеккен жандарға күніне 200 ас атасы пісірілмек. Оның нарықтағы бағасы – 140 теңге. Иә, қымбат емес сияқты. Бірақ, барынан айырылған жандар күнде қалтадан осындай қаржы шығара берсе, бір айда бірсыпыра ақша жиналады. Тамшыдан көл құралады деген сөз еріксіз еске түседі. Сол себепті, тасқыннан зардап шеккен жандарға гуманитарлық көмекпен жеткен ұн таусылғанша нан тегін таратылады. Игі іс 22 күн бойы жалғасын таппақ.
СЕРГЕЙ ПЕТРЕНКО, “Петропавл нан-тоқаш комбинаты” ЖШС менеджері:
– Біздің өнім әрдайым дәмді және әр жерге ыстық күйде жеткіземіз. Екі ауысымда жұмыс атқарамыз. Кәсіпорын күніне 6 мың бөлке нан шығарады. Қаладағы барлық сауда орнымен тығыз байланыстамыз.
Аталған кәсіпорын 90 жылдан бері жұмыс істейді. Айта кету керек, қазіргі таңда серіктестікте 400-ге жуық жан қызмет етеді.