Теріскейде тасқын тақырыбы әлі күн тәртібінен түсе қойған жоқ. Қазір Петропавл мен аудандарда қайта қалыпқа келтіру жұмыстары қызу жүргізіліп жатыр. Жан-жақтан төнген топан су, тұрғызылған бөгеттер, үйлерін тастаған тұрғындар мен күн-түн демей тер төккен адамдар. Өткен күндерді еске де алғың келмейді. Шығаратын қорытынды – енді мұндайға жол берілмеу тиіс. Мұны жақында аймақ басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов баса айтты.
ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Егер үйді су басып, тұруға жарамсыз екені анықталса, міндетті түрде бұзылады. Ол жерде саяжол пайда болады немесе ағаш егіледі. Яғни, тасқыннан бүлінген аумақта ешкім құрылыспен айналыспайды. Бұл – біздің нақты ұстаным. Енді ағымдағы жылдағыдай зардап шегуімізге хақымыз жоқ.
Қысқасын айтқанда, солтүстікқазақстандықтар биылғы табиғи апаттан сабақ алуы тиіс. Тағы бір назар аударарлық мәселе – тұруға жарамды үйлерді қалыпқа келтіру. Егер арнайы мамандар жөндеу жайлы шешім қабылдаса, бірнеше нұсқа ұсынылады. Осыны тұрғындар ұғынуы тиіс.
ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Егер үй тұруға жарамды деп танылса, ол жөнделеді. Бұл бағытта механикаландырылған бригадалар жұмыс істеп жатыр. Ал баспана иесі жөндеу жұмысымен өзім айналысам десе, шотына қаражат аударылады.
Аймақ басшысының Телеграмм арнасында кеше кешкілік баспаналарды бағалау және техникалық зерттеу жұмыстары жайлы тың дерек жария етілді. Соңғы ақпарға сүйенсек, облыста 3898 үйдің 3363-і немесе 87 пайызы тексерілді. 508 баспана тұруға жарамсыз. Ал жөндеуге қатысты 845 сметалық есеп дайындалды.
Байболат Құлтанов