Жамбыл ауданындағы «Династия Агро» серіктестігінің алқаптарында дәнді, дәндібұршақты және майлы дақылдар өсіріледі. 20 мамырдағы жағдай бойынша мұнда 200 гектарға жуық жерге жасымық егілді. Көп ұзамай өзге тұқым түрлері танаптарға себілмек. Биыл агроқұрылым зығырға ерекше мән бергелі отыр. Аталған өнімнің талшықты түрі шекара сыртында жоғары бағаланады екен. Мысалы, серіктестік Қытаймен әріптестік жөнінде келісімге келген.
ВЛАДИМИР КАН, «Династия Агро» ЖШС директоры, Жамбыл ауданы:
– Бізде майлы дақылдарды өңдеу үшін арнайы зауыт жұмыс істейді. Оны 2016 жылы ашып, соңғы 7-8 жыл ішінде сыртқы нарықты бағындыра бастадық. Ең бірінші партия Қытайға жол тартты. Кейін бізден ресейлік тарап зығыр майын жақсы сатып алды. Негізінен, біз зығыр майына басымдық береміз.
Қазір сауда-саттық географиясы кеңейген. Теріскейлік тауар Моңғолияға, Қытайға, БАӘ-ге, Оңтүстік Кореяға және Жапонияға сатылады. Серіктестікте арнайы техника саны да артып келеді.
ВЛАДИМИР КАН, «Династия Агро» ЖШС директоры, Жамбыл ауданы:
– Азық-түлік келісім шарт корпорациясының ауыл шаруашылығын қолдау және астықты форвардтық сатып алуға қатысуының арқасында алға бастық. Мәселен, өткен жылы МТЗ тракторын, 18 метрлік “Мечта” серіппелі боранасын, “Buhler 2375” тракторын, “Вектор” комбайнын алдық. Техниканы жаңарту жұмысы жыл сайын жүргізіледі. Біздің егістік алқаптарымыз кеңейіп келеді. Оның үстіне талшықты зығыр сынды жаңа әрі өсіруі күрделі өнімдерге таңдау жасаудамыз. Мұндай жағдайда паркті жаңғырту жалғасын табады.
Азық-түлік келісім шарт корпорациясы мен “Династия Агро” серіктестігі осыдан 5 жыл бұрын әріптестік орнатқан. Акционерлік қоғам биыл да форвардтық сатып алу бағдарламасы бойынша жұмыс істемек. Әзірге, диқандар тарапынан 130-ға жуық өтініш түсіпті. Соның 122-сі жіті қаралып, тиісті ақша іскер жандарға аударылған екен.
ҚАНАТ БЕЙСЕНОВ, «Азық-түлік келісім шарт корпорациясы» ҰК» АҚ СҚО өкілдігінің директоры:
– Биыл форвардтық сатып алу бағдарламасы үшін 40 млрд теңге бөлініп отыр. Бұл – республикалық көрсеткіш. Қомақты қаржының 15,2 млрд теңгесі бойынша солтүстікқазақстандық диқандар келісім жасасты. Жобаға қатысудың негізгі шарты – өсімдік шаруашылығында кемінде 2 жыл жұмыс тәжірибесінің болуы. Біз бидайға – 70 мың теңге, арпаға – 40, рапс пен зығырға – 90 мың, ал күнбағыс үшін 60 мың теңге аударамыз. Берешек күзде өнім түрінде өтеледі. Яғни, жиналған астық қарашаның 1-ші жұлдызына дейін жеткізілуі тиіс.
Күзде жиналатын астықтың сомасы берешектен асып түсуі мүмкін. Мұндай жағдайда корпорация диқандарға қосымша ақша аударады.
Байболат Құлтанов