Қызылжарға жыр керуені жетті! Облыс орталығында дәстүрлі “Мағжан оқулары” байқауының облыстық кезеңі өтті. Аядай ғана ауылда туып, күллі Алаштың ардасына айналған біртуар перзентті өзі сенген жастар жағы сүйіп оқиды, жырларынан шабыт алады. Мұны кейінгі толқын кезекті мәрте дәлелдеді. Анастасия Родионова қазақ мектебінде оқиды. Дарынды жас Мағжанның 50 өлеңін жатқа біледі.
АНАСТАСИЯ РОДИОНОВА, байқауға қатысушы, М.Жұмабаев ауданы:
– Ақын Алаш қайраткері болған. Көптеген халықтың басын қосқан. Сол жайтты «Сорлы қазақ» деген өлеңінде атап өткен.
ОРАЛ ЖАНАТОВ, қазылар алқасының төрағасы:
– Негізі, оқушылардың өлең таңдаулары бізге өте ұнады. Бірақ, қазақи жерде өскен балалардың оқу мәнерлері өте ерекше. Былтырғы байқауларға қарағанда биыл сайыстың дәрежесі көтерілген. Республикаға ұялмастан жіберетіндей балаларды таңдап алдық.
Үш бағыттан тұратын сайысқа 36 дарынды оқушы қатысты. Олар ақынның туындыларын мәнерлеп оқу, қайраткерге өлең арнау және ғылыми жоба қорғау бойынша бақ пен бап таластырды.
Мәдина Қаби