21-мамыр – Мәдениет және өнер қызметкерлерінің күні. Бұл – туған жеріміздің рухани дамуына және бай мәдени мұрамызды дәріптеуге зор үлес қосып жүрген жандарды біріктіретін бірден-бір кәсіби мереке. Бүгін атаулы мейрамға орай сәні мен салтанаты жарасқан қазақ театрының қабырғасында “Мәдениетім – мерейім” атты салтанатты іс-шара ұйымдастырылды. Жиынның шымылдығы музыкалық қойылыммен ашылды.
Мәдениет саласында тынбай еңбек етіп жүрген жандарды марапаттау кезегі де келіп жетті. Бұл міндет облыс әкімі аппаратының басшысы Руслан Әлішевке берілді. Бірқатар маман иелері аймақ басшысының Алғыс хатымен марапатталды. Арасында Шал ақын ауданы музейінің қор сақтаушысы Гүлім Нұрғалиева да бар.
ГҮЛІМ НҰРҒАЛИЕВА, Шал ақын ауданы музейінің қор сақтаушысы:
– Мен бұл жұмысқа 2014 жылы келдім. Бастапқы кезде онша ынтам болмады. Себебі, бұл жұмысқа бар жан-тәніңді салуың керек. Қазір ойым өзгерді. Жұмысым өзіме ұнайды. Өз мамандығымды дәл таптым деп ойлаймын. Өзімді осы салада ғана елестетемін.
Алина Ушакова – “Қуанамын” халықтық би студиясының көркемдік жетекшісі. Өмірін бимен байланыстырған нәзікжанды да құрметке бөленді. Ол “Мәдениет саласының үздігі” төсбелгісін тағынды.
АЛИНА УШАКОВА, “Қуанамын” халықтық би студиясының көркемдік жетекшісі:
– Мен бала кезімнен балетпен айналысамын. Сол кезде өзімнің шығармашыл болатынымды және мәдениет саласында жүретінімді білетінмін. Педагогикалық училищені аяқтағаннан кейін балалармен жұмыс істей бастадым. Ол кезде мен тіпті әлі кәсіби маман да емес едім. Ұстазым мен қолдаушыларымның арқасында берілмей, осы жолда өстім, жетілдім. Осы салада келе жатқаныма 36 жыл болды.
Бүгінгі жиынға музей, театр, кітапхана, филармония, мәдениет үйі сияқты ошақтарда қызмет ететін 100-ге жуық қызметкердің басы қосылды. Жиын соңында оларға концерттік бағдарлама да ұсынылды.
Ақжүніс Мұқатай