Өңірге Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Құрлық әскерлері Әскери институтының өкілдері келді. Алматылық мамандар облыс аумағындағы білім ұяларын аралап, жоғары сынып оқушыларымен кездесулер ұйымдастыруда. Мұндай жүздесудің бірі №21 мектеп қабырғасында өтті. Шара барысында ат терлетіп жеткен шенділер институттың мүмкіндіктері жайы кеңінен баяндады. Айтылғандарды ұлдар жағы мұқият тыңдады. Бұл жердегі балалардың бір бөлігі әскери өмірге қадам баспақшы. Кейбірі құжат тапсыратын мекемелерді анықтап та қойыпты.
ҒАЛЫМЖАН ҚАЛТАЕВ, С.Нұрмағамбетов атындағы Құрлық әскерлері Әскери институтының оқытушысы, Алматы қаласы:
– Біз оқушылардың оқу орнымызға келіп оқығандарын, көргендерін қалаймыз. Бізге адамдар жетіспей жатқан жоқ. Біз әрбір жердің азаматтары келіп, бізде білім алса дейміз. Солтүстіктен аз бала түседі. Жалпы, оқу орнында барлық жағдай жасалған. Курсанттар оқуға түскеннен кейін шәкіртақы беріледі. Киетін киімдері, жататын жерлі тегін. Бітіргеннен кейін лейтенант әскери шенін алады.
АЛЕКСАНДР БЕЛЕНКОВ, №21 орта мектебінің оқушысы:
– Өзімді келешекте радиациялық, химиялық және биологиялық қорғаныс әскерлері қатарында көргім келеді. Басты мақсатым – адамдарға осы бағытта көмектесу, қоршаған ортаны қорғау. Әкем әскер қатарында болған. Сол кісінің жолын жалғағым келеді.
Мәдина Қаби