Солтүстік Қазақстан облысында “Қарызсыз қоғам” жобасы аясында 5700 адам білім алды. Ал ел бойынша 115 мың адам оқудан өтсе, оның 49 мыңы осы жылы курстарға қатысқан, деп хабарлайды Aikyn.kz. Бұл – үлкен көрсеткіш. Осы орайда өткен жылы іске қосылған жобаның басты жетістіктері мен бағыттарына тоқтала кетейік. Қатысушылардың жартысына жуығы білікті қаржы және заң мамандарының көмегін алды. Шоттың бұғатталуынан бастап, берешекті қайта құрылымдау, коллекторлармен жұмыс секілді 20 бағытта ақыл-кеңес айтылды. Сондай-ақ, сарапшылар бизнес-жоспар жазуды, отбасылық бюджетті қолға алуды үйретті. Тығырыққа тіреліп, шығар жол жоқ деп ойлаған борышкерлердің қарызы қайта қаралып, үміт сәулесі пайда болды.
АҚМАРАЛ БЕКМҰРЗАЕВА, «Қарызсыз қоғам» жобасының жетекшісі:
– Мәселен, ауылдағы ең табысы жоғары мамандар – мұғалімдер. Олар 300 мың, 400 мың, 500 мың теңге жалақы алса да, несиеден көз ашпайды. Тура осы қаражатты жұмыссыз отырған, көпбалалы аналар бәріне жеткізіп, қарызсыз өмір сүрер едім деп армандайды. Мәселе табыс көлемінде емес, ойлау жүйесінде екенін түсініп, қатысушыларды тұтыну психологиясынан үнемдеу психологиясына бағыттап жатырмыз. Ауыл тұрғындары күнделікті газдалған сусын, чипсы алса, қала тұрғындары – кофе мен десертке ақша жұмсайды. Мұның бәрін үнемдеп, ақшаны тиімді жұмсауға болады.
Мәдина Қаби