67 жастағы Сергей Терехов – Прибрежное ауылының тұрғыны. Табиғи апат кезінде зейнеткердің үйін шатырына дейін су басқан. Қиын кезеңде қалған қария қол ұшын сұрап Қызылжар ауданының полиция бөліміне жүгініпті. Тәртіп сақшылары ардагердің сөзін жерде қалдырмай, келесі күні 15-ке тарта қызметкер баспананы жарамсыз жиһаздардан босатып, тазалау шарасын жүргізген.
ӘЛИХАН БАЙҚАДАМОВ, Қызылжар ауданы полиция бөлімінің бастығы:
– Бүгін Прибрежное ауылына келіп тұрмыз. Осында Сергей Федорович деген ардагеріміз тұрады. Оның үйін су басты. Қазіргі уақытта бүгін таңертең жеке құраммен бірге келіп, ардагерлерімізге көмектесіп жатырмыз.
Полиция подполковнигі Сергей Терехов көптеген жылдар бойы ішкі істер органдарында қызмет етіп, 2002 жылы еңбек демалысына шыққан екен.
СЕРГЕЙ ТЕРЕХОВ, ішкі істер органдарының ардагері:
– Биыл топан су үйді шатырына дейін басты. Полиция қызметкерлері көмекке келіп, айналаны ретке келтіріп берді. Полиция департаменті мен аудандық полиция бөлімінің басшылығына және ардагерлер кеңесіне алғысымды білдіремін.
Еске сала кетейік, қазір өңірде су астында болған аумақтарды тазалау және қалыпқа келтіру жұмысы жүріп жатыр.
Ақжүніс Мұқатай