Аптадағы маңызды жаңалықтар

Ойқала ықшам ауданындағы қалыпқа келтіру жұмысы

71 жастағы Нина Егорованың бар ғұмыры осы үймен байланысты. Бұл баспана оған атасынан мұра болып қалған. Тасқыннан зардап шеккен үйге 6 мамыр күні бағалаушы мамандар келіп, қайта қалпына келтіруге жарамды екенін айтқан. Әзірге, мұнда су сору жұмыстары жүргізіліп жатыр.

НИНА ЕГОРОВА, Ойқала ықшам ауданының тұрғыны:

– Жігіттерге көп рахмет. Жылдам жұмыс істейді. Қолдарынан келген көмектің бәрін көрсетіп жатыр. Үйді жөндеуге кететін қаражаттың сомасы әзірге белгісіз. Осы бір-екі күнде айтамыз деді.

Мамыр айының басында Петропавлға Тайынша ауданынан 5 бригада, яғни 35 адам мен 4 техника келген. Жұмыс күші 156 нысанды жөндеп, қайта қалпына келтіруі тиіс.

АЗАМАТ САБЫРОВ, Тайынша ауданы әкімінің орынбасары:

– Үйлерге техникалық бағалау жүргізілді. Қазір мүліктерді тексеріп жатыр. Жалпы, бізге берілген 156 нысанның 145-і – үй. 6 баспанада қалпына келтіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз.

Ойқала ықшам ауданында 1400-ге жуық үйді су басқан болатын. Қазір мұнда Ғ. Мүсірепов, Айыртау, Уәлиханов, Тайынша аудандарының және Петропавл қаласының механикалық бригадалары жұмыс істеп жатыр.