Білім

Өңірлік білімпаз Бразилияда өтетін халықаралық олимпиадада бақ сынайды

Бірінші гимназия оқушысы Егор Глухих лингвистикадан өтетін халықаралық олимпиадаға жолдама алды. Аталған білім бәйгесі 23-ші шілде күні Бразилияда бастауын алады. Сайыста еліміздің атынан 2 оқушы бас сынайды.

ҒАЛИЯ ТӘШІБАЕВА: “Қызылжар Дарыны” балалар мен талантты жастарды анықтау және қолдау орталығының аға әдіскері:

– Біздің орталық жыл сайын 8-11 сынып оқушыларына арналған лингвистикадан республикалық іріктеу олимпиадасын өткізеді. Олимпиаданың басты мақсаты – дарынды оқушыларды анықтау және де лингвистика бойынша білімдерін жетілдіру. Білім сайысы 3 кезеңнен тұрады: аудандық, облыстық және республикалық.

Дарынды жас осыған дейін облыстық және республикалық сайыстардың жеңімпазы атанған. Аталған сайыстарға 1 жыл бойы дайындалыпты. Ендігі алдына қойған мақсаты – халықаралық білім жарысында топ жару.

ЕГОР ГЛУХИХ, Бірінші гимназияның 11-ші сынып оқушысы:

– Биыл өзім қатысқан барлық сайыста жеңімпаз болдым. Астанада өткен екі оқу-жаттығу жиынына қатыстым. Онда еліміздің түкпір-түкпірінен келген кілең мықтылар жиналды. Сол жерде де өзімнің барлығынан үздік екенімді дәлелдедім.

Білімпаз халықаралық жарысқа құрлықтық додадан 2-ші орын алуының нәтижесінде жолдама алды. Айта кету керек, бұл мектептен шыққан Егордан басқа халықаралық олимпиада жеңімпаздары мен жүлдегерлері көп.

ТАТЬЯНА АХМЕТЖАНОВА, оқушы тәлімгері:

– Егордың жеңісі біздің мұғалімдердің біліктілігінің арқасында деп айтсам болады. Негізі, ол физика пәнін сүйіп оқиды. Неміс тілі мен ағылшын тілін жетік меңгерген. Барған олимпиадаларынан жүлдесіз оралмайды.

Қазіргі таңда мектепте 900-ден астам оқушы білім алады.