Спорт

Өңір ұстаздары арасындағы волейбол турнирі өз мәресіне жетті

Өткен сенбіде өңір мұғалімдері арасында волейболдан облыстық турнирдің финалдық кезеңі өтті. 7 айға созылған жарысқа барлығы – 10 команда қатысқан болатын. Солардың арасынан үздік шыққан 4 ұжым өзара бас жүлдені сарапқа салды. Олар: Әбу Досмұхамбетов атындағы гимназия-интернаты, әскери академия, Абай атындағы қазақ мектеп-гимназиясы және Шал ақын аудандық мектептерінен келген құрама.

ЕРЖАНАТ БӘКІРОВ, жарысты ұйымдастырушы:

– Турнирдің басты мақсаты – салауатты өмір салтын ұстану, спортты насихаттау. Бәрінен бұрын Шал ақын ауданынан келген әріптестерімізге алғысымды айтқым келеді. Олар қазан айынан бастап өтіп жатқан жарысқа үзбей қатысып, финалға жолдама алды.

Аталған сайыс осымен 3 жыл қатарынан өткізіліп келеді. Жылдан-жылға қатысушы командалар саны артуда.

ЕРБОЛ ОТАРБАЕВ, ҚР ҰҰ әскери академиясының өкілі:

– Көріп тұрғандарыныздай, барлық құрама жарысқа жоғары дайындықпен келді. Барлығы бұл жерге сайыс чемпионы атануға келіп отыр. Барлық командаға сәттілік, өзімізге жеңіс тілеймін.

СВЕТЛАНА КУЗИНА, жарыстың бас төрешісі:

– Төрелік белгілі тәртіп бойынша өтіп жатыр. Финалдық кезеңге дейін жеткен құрамалардың бәрі қарымды.

Әр команда жарысқа жауапкершілікпен қарап, үздік атануға барын салды. Алғашқы ойында Әбу Досмұхамбетов атындағы гимназия-интернаты мен әскери академия ұстаздары бақ сынасты. Бұл – көптің күткен ойыны. Тартысты кездесуде Әбу Досмұхамбетов атындағы гимназия-интернаттың ұстаздары жеңіске жетті. Турнир қорытындысы бойынша да осы ұжым үздік деп танылды. Чемпион командаға волейболдық санат берілді.