Қоғам

Большая Малышка ауылында ауқымды сенбілік өтті

Табиғи апаттың беті қайтып, су тартылғаннан кейін көп елді мекенде тазалау шарасы қарқынды жүріп жатыр. Өткен сенбі күні Қызылжар ауданына қарасты Большая Малышка ауылында да ауқымды сенбілік өтті. Мұнда 900-ге жуық адам тұрады. Олардың көбі су тасқынынан кейін баспанасыз қалып отыр.

АЛМА НҰРҒАЛИЕВА, Қызылжар ауданы әкімінің орынбасары:

– Бұл елді мекенге 200-дей адам көмектесуге келді. Су тасқыны аталған ауылға біраз залал тигізді. Тазалау шарасы бірінші рет өтіп отырған жоқ. Бұған дейін жұмыс күндері де сенбілікке шығып жүрдік. Оған ауыл тұрғындары, еріктілер мен әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарының өкілдері бірлесе күш салуда.

Ауылды тазалауға қызу кіріскен жандардың бір бөлігі облыс орталығынан келген. Олар қолдарына арнайы құрал ұстап, елді мекеннің орталығын жинастырды. Ал жергілікті тұрғындар жеке меншік үйлердегі жарамсыз жиһаздарды шығарып жәрдемдесуде. Осылайша қысылтаяң шақта өздерінің ұйымшылдықтарын көрсетті.

ЕРБОЛ САЙДАЛИН, Большая Малышка ауылының тұрғыны, Қызылжар ауданы:

– Мен осы ауылдың тұрғынымын. Халық ауыр апатқа ілекті. Бүгін тек аудан емес облыс әкімдігінің қолдауымен бірінші рет емес екінші рет сенбілік өтіп жатыр. Ел болып, жұрт болып қол ұшын беріп жатыр. Бірлесіп қиындықтан шығудамыз.

Большая Малышка ауылында 20 шақты жалғызбасты қарт жан бар. Соның бірі – Татьяна Петченко су тасқынынан айтарлықтай жапа шегіп отыр.

70 жасты еңсерген зейнеткерге бұл апат ауыр соққы болып тиген. Бірнеше апта өтсе де еңсесін көтере алар емес. Баспанасын мүшкіл күйде көру, оны жөндеуге шама-шарқының жетпеуі кімге болсын ауыр тиетіні анық.

ТАТЬЯНА ПЕТЧЕНКО, Большая Малышка ауылының тұрғыны, Қызылжар ауданы:

– Мен бұған ешкімді кінәламаймын. Осылай болу керек болғаны ғой. Әйтеуір, үйдің ішіндегілерін шығарып, ауланы тазартуға көмектесіп жатыр. Линолеумді кептіріп, шкафты да шығарып берді. Оған өзімнің күшім жетпейді. Өте өкінішті жағдай. Менен де орасан зор зардап шеккен тұрғындар бар.

Жалпы, Большая Малышка ауылында 200-ден астам баспанаға су кірген. Бүгінде сенбілік шараларының арқасында 70 үйдің ауласы жиналып, жарамсыз заттар сыртқа шығарылды. Жұмысқа 15 техника жұмылдырылған. Айта кетейік, су тасқыны кезінде мұндағы асфальт бүлініп, электр желілеріне зақым келген. Бүгінде барлығы қайта қалпына келтіріліп жатыр.

 

Ақжүніс Мұқатай