Кәдімгі лаулаған өрт, абыр-сабыр болған халық пен қызметкерлер. Сырт көзге мына көрініс шынайы көрінері анық. Бұл – 15-16 мамыр аралығында елімізде өткен «Өрт-2024» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығу жиыны. Шараны үйлестіру және басқару жөніндегі штаб Абай облысында орналасқан. Қазақстанда екі күн бойы тілсіз жаудың алдын алу шаралары пысықталды.
ЕРБОЛ ЖЕКЕНОВ, эвакуациялық қабылдау пунктінің басшысы:
– Бүгін М.Жұмабаев ауданында республикалық “Өрт-2024” оқу-жаттығу жиыны өткізіліп жатыр. Соған байланысты біздің мектеп мына жерге эвакуациялық пункт орналастырды. Бұл жерге өрт болған аймақтардың тұрғындары көшірілген. Қасымыздағы “Березка” лагерінің балалары мен тәрбиешілері осы жерге әкелінеді. Мұндай шараларды біз үнемі өткізіп тұруымыз керек.
Нақтырақ айтсақ, дайындық шарасы М.Жұмабаев ауданындағы Чистовское ауылының маңында өтті. Өртті сөндіру, адамдарды эвакуациялау, зардап шеккендерге көмек көрсету және байланыс пен электр желілерін қалпына келтіру бойынша тәжірибелік іс-қимыл пысықталды.
АЙГҮЛ МАҒЗҰМОВА, М.Жұмабаев аудандық медициналық қызмет аппаратының меңгерушісі:
– Оқу-жаттығу жиыны кезінде Чистовское ауылында өрт болды. Мұнда күйік шалған және жарақат алған жандар жеткізіліп, шұғыл медициналық көмек көрсетілді. Жағдай тұрақты. Алдағы уақытта олар мамандандырылған медициналық көмек алу үшін аудандық ауруханаға жеткізіледі.
Жиынға солтүстікқазақстандық 100-ден аса маман мен 30-ға тарта техника жұмылдырылған. Сондай-ақ, 15-ші мамырда елордадан басқа еліміздің барлық өңірінде ескерту жүйесі тексерілді.
Ақжүніс Мұқатай