ТЖ

Облыс әкімінің орынбасары тасқыннан зардап шеккен кәсіпорындарды аралады

Аймақ басшысының орынбасары Рүстем Құрманов табиғи апаттан зардап шеккен кәсіпорындарды аралады. Су тасқыны ісін дөңгелетіп отырған біраз кәсіпкерді шығынға батырған. Олардың қатарында Ойқала ықшам ауданында орналасқан “Великанов” кондитерлік цехіне иелік ететін азамат та бар. 20 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан қос қабатты нысанның біріншіне орасан залал келіпті.

Бұл жерде бағалау жұмыстары жүргізілген. Нәтиже әлі белгісіз. Кәсіп иесі – Маргарита Великанованың есептеуі бойынша техниканы қоспағанда шикізат құнының өзі 8 млн теңгеге барып қалады.

Кейін облыс әкімінің орынбасары осы аудандағы “Дары моря” жеке кәсіпкерлігіне барды. Бұл дүкенде балық өнімдері сатылады. Нысанның айтарлықтай бөлігіне залал келген. 2 тонна өнім құрдымға кетіпті. Шығыны 5 млн-ды құрайды. “Ал техника және ғимараттың ішін жөндеуге 30 млн-ға жуық ақша керек”,- дейді иесі Елена Пронина. Қоса кетейік, нысанның ішінде қызыл су 22 күн тұрған. Әлі күнге дейін сору жұмысы жүріп жатыр.

“Сириус” – Ойқала ықшам ауданындағы тұтынушысы ең көп азық-түлік дүкені. Қазір нысан сұрықсыз күйде. Иесі ішін барынша ретке келтіріп қойыпты. Бірақ, күрделі жөндеуді қажет етеді. Техникалар да жарамсыз.

Мұнда да бағалау жұмыстары жүргізілген. Дегенмен, дүкен иесі уақыт жоғалтқысы келмейді. Оған облыс әкімінің орынбасары Рүстем Құрманов былай деп жауап берді.

Бұл нысанмен қатар орналасқан “Урал” дүкені де зардап шегіп отыр. Шағын кәсіпорында әлі бағалау жұмыстары жүргізілмеген. Иесі шығынның көлемі шамамен 1 милионның шамасында деп пайымдайды.

Айта кетейік, қалада 127 шағын және орта бизнес субьектісіне залал келсе, Қызылжар ауданында 49 кәсіпкерлік нысаны су тасқынынан зардап шеккен.

 

Ақжүніс Мұқатай