“Sensitive” би ансамблінің мүшелері бірнеше жылдан бері республикалық, халықаралық байқаулардан бас жүлдемен оралып жүр. Құрылғанына 17 жыл болған ансамбльдің қоржынында бүгінгі күні 3 екінші орын, 37 бірінші орын мен 13 гран-при бар. Бүгін есту қабілетінде ақауы бар балаларды өңір басшысы кезекті жеңіспен құттықтап, оларды арнайы грамоталармен марапаттады.
ҒАУЕЗ НҰРМҰХАНБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Мұндай жетістіктерге сіздер өздеріңіздің қажырлы еңбектеріңіздің, таланттарыңыздың арқасында жетіп отырсыздар. Астана қаласының тұрғындарына да өздеріңіздің алғашқы әлеуметтік жобаларыңызды, спектакльдеріңізді ұсындыңыздар. Сіздер өз өнерлеріңізге көпті тәнті етіп жүрсіздер. Елімізде инклюзиялық білімді дамытуға ерекше көңіл бөлінген. Өздеріңіздің ерекшеліктеріңізге қарамастан көптеген жетістіктерге жеттіңіздер. Сіздерге сәттілк тілеймін. Сіздер – облыс мақтанышысыздар.
Би ансамблі Францияда өткен халықаралық сайыстан өткен аптада ғана жеңіспен оралды. Кейін 15 мамыр күні Астана қаласында өздерінің «Толқынды арпалыс» спектакльдерін көрерменге ұсынды. Қойылымға ҚР Парламент Сенатының спикері Мәулен Әшімбаев қатысқан. Бүгінгі кездесуде бишілерге материалдық қолдау көрсеткені үшін халықаралық фестиваль ұйымдастырушыларының атынан облыс әкімі Ғауез Торсанұлына алғыс хат та табысталды.
ОЛЬГА РОСТОВЩИКОВА, «Sensitive» би ансамблінің жетекшісі:
– Бүгінгі кездесуді пайдалана отырып барлық қолдау көрсеткен жандарға алғыс айтамын. Бұл – біздің ортақ жеңісіміз. Ансамбль құрылғаннан бері көптеген сайысқа қатысып, жүлделі оралып жатырмыз. Әлі де біз биік белестерді бағындырып, облыстың, еліміздің атынан халықаралық сайыстарда өнер көрсететін боламыз.
Айта кетейк, қазіргі уақытта би ансамбліне 40-қа жуық есту қабілеті нашар биші мүшелік етеді.