Үстерінде – қорғаныш киім, беттерінде – бетперде. Ойқала ықшам ауданындағы бұған дейін су басқан, қазір құрғаған үйлерді дезинфекциялау шарасы жүріп жатыр. Іске жауапты – «СтройМонолит» серіктестігі. Арнайы мамандар бүгінге дейін 150-ден астам үйді залалсыздандырған. Олар қазір Киевская көшесінде жүр. Дмитрий Бирюковтың үйін тазалауда.
ДМИТРИЙ БИРЮКОВ, Ойқала ықшам ауданының тұрғыны:
– Үйім 80-ші жылы салынған. Аумағы 60 шаршы метрді құрайды. Осында тұрып жатқаныма 5 жыл болды. Қазір баспананың ішін кептіріп жатырмыз. Дезинфекторлар да келіп, өз жұмыстарын атқаруда.
Дмитрий Бирюковтың үйінен шыққан дезинфекторлар көршісіне кірді. Мұнда есік-терезе ашылған. Үй иелері баспананы осылай желдетіп, күнге кептіріп алмақшы.
Қатарынан залалсыздандыру жұмысы да жүріп жатыр.
ДАМИР ИЗМАЙЛОВ, Ойқала ықшам ауданының тұрғыны:
– Түрлі аурудың алдын алу үшін осындай дезинфекция шарасын жүргізген маңызды. Бұған дейін бағалаушы келіп кетті. Оның шешімін күтіп жүрміз.
Дезинфектордың арқасында моторлы бүріккіш пен бу таратқыш генератор бар.
Тазалау шарасы инфекциялық және паразиттік аурудың алдын алу мақсатында жүргізіледі. Мамандар үйдің іші-сыртын өңдеп, бір бұрышты назардан тыс қалдырмайды. Мамандар таңғы 10-нан кешкі 9-ға дейін жұмыс істейді.
АЛМАТ СҮЛЕЙМЕНОВ, мердігер серіктестік басшысы:
– Залалсыздандыру шарасын мамырдың 8-інен бастап жүргізіп жатырмыз. Бірінші Былғары зауыты ықшам ауданын тазаладық. Үйге залалсыздандыру жұмысы жүргізілген соң 1 сағат өткеннен кейін ғана кіруге болады. Дәрінің көлемі аумаққа байланысты. Арнайы қоспаны санитар дәрігер әзірлейді.
Тұрғын үйлерден бөлек білім ұясы да қамтылды. Ю.Гагарин атындағы 14-ші мектептің екі бірдей қабаты өңделді. Мамандар бұдан кейін Потанин, Павлов және Береговая көшелеріне шықты. Бір күнде 60-қа жуық нысан тазаланады. Іске 3 техника мен 10-нан аса маман жұмылдырылған. Еске сала кетейік, дезинфекция шарасы тегін жүргізіледі. Арнайы бригаданы штаб басшысы арқылы шақыруға болады. Сондай-ақ, тазалаушылардың жұмыс кестесін қалалық әкімдіктің интернет-ресурсынан көруге болады.
Гүлден Сембаева