Тамағына өксік тығылып, көзіне жас алған бұл келіншек – Қызылжар ауданына қарасты Вагулино ауылының тұрғыны. Су тасқыны аталған елді мекенге де залалын тигізбей қоймады. Қызыл су кірген 12 баспана құрдымға кетіп отыр.
НАТАЛЬЯ ЛАХТИНА, Вагулино ауылының тұрғыны, Қызылжар ауданы:
– Су кіргеннен кейін келесі күні таңертең қарасақ, бұл жер теңіз болып жатты. Мүлдем кіре алмадық. 1 апта өткеннен кейін су тартыла бастады. Деңгейі тізеге дейін болғанда ұлым кіріп көрді. Әрине, өте өкінішті. Қаншама еңбек пен уақыт кетіп еді. Барлығы бәр сәтте құрдымға кетті.
Бүгінде бұл елді мекенде бағалау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл істен кейін Наталья Лахтина ақырындап қалыпқа келтіру жұмысын бастамақ.
НАТАЛЬЯ ЛАХТИНА, Вагулино ауылының тұрғыны, Қызылжар ауданы:
– Арнайы адамдар үйді аралап, бағалау жұмыстарын жүргізді. Біз енді ақырындап жұмысты бастай аламыз. Еденді алып, құрғату керек. Қазір отбасымызбен туысымыздың үйін паналап отырмыз. Жуырда біржолғы төлемақы шотымызға түсті.
Жалғызбасты зейнеткер Вера Евсееваның да үйінен түк қалмаған. Қабырғалары опырылып, түсқағазы түсіп қалыпты. Еденнің де жағдайы оңып тұрған жоқ. Қарт жанды бұдан өзге мына мәселе де мазалайды.
ВЕРА ЕВСЕЕВА, Вагулино ауылының тұрғыны, Қызылжар ауданы:
– Мен енді бұл үймен не істейтінімді білмеймін. Қалпына келтіріп, жөндеу жұмысын жүргіздім делік. Ал келесі жылы мұндай оқиға қайтадан қайталанбайтынына кім кепілдік береді. Қазір күйеуім де жоқ. Балаларым жұмыста.
Зейнеткердің қорқуы орынды. Себебі, баспана қауіпті аймақта тұр. Дегенмен, әліптің артын бағып, бағалау жұмыстарының нәтижесін күту керек. Қызыл судың әлегін көрген тағы бір жанұя – Тапиновтар отбасы. Үй иелері әлі екіойлы. Олар үйді толық жөндеуден өткізбек не болмаса басқа баспанаға көшпек. Өздері бұл жерде 85-ші жылдан бері тұрады.
ҚАЗБЕК ТАПИНОВ, Вагулино ауылының тұрғыны, Қызылжар ауданы:
– Мынадай су тасқынын алғаш рет көріп тұрмыз. Үйдің ішін су басып кетті. Қазір әкімдіктен адамдар келіп көмек қолын созып жатыр. Құм мен балшық әкеліп беруде. Жөндеу жұмысына көмектесеміз дейді.
Жалпы, Вагулин ауылдық округіне Кустовое, Краснояр және Вагулин елді мекендері кіреді. Үшеуін қоса алғанда қызыл су 19 баспанаға кірген.
ИРИНА ШИШКИНА, Вагулин ауылдық округінің әкімі, Қызылжар ауданы:
– Су тартылғаннан кейін сенбілік шараларын өткізіп жатырмыз. Осымен 2-ші рет ұйымдастырдық. Барлық ауыл тұрғындары жиналып, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаруда. Жеке кәсіпкерлер балшық әкелуге көмектесуде. Гуманитарлық көмек те таратамыз.
Бүгін аталған 3 ауылдағы барлық үйде бағалау жұмыстары жүргізілді. Нәтижесі бірер күнде белгілі болады.
Ақжүніс Мұқатай