Төтеншеліктер өрт қауіпсіздігі жазылған жаднамаларды кәсіпорындарды аралап, таратып жүр. Осындай парақшаның біреуі «Беслан Север» серіктестігінің жұмысшыларына да берілді. Мұнда метал өңдеумен айналысады. Яғни, күнделікті дәнекерлеу жұмысы барысында от ұшқындары шашырайды. Қауіпсіздік қағидасын сақтамаса, от ұшқыны алапат өрттің себебі болуы мүмкін.
Иван Обельчаг – осы серіктестіктің механигі. Айтуынша, мұнда өткен жылы өрт шыққан.
ИВАН ОБЕЛЬЧАК, «Беслан Север» ЖШС механигі:
– Өрттің шыққан себебін нақты анықтай алмадық. Пештен ақау шықты деп топшыладық. Өрт сөндірушілер келіп сөндірді. Қазір қауіпсіздік шарасын баса мән береміз. Ол туралы жұмысшыларға да айтып отырамыз. Қызметкерлер арнайы формамен қамтылған.
Келесі нысан – Жол құрылыс тресі. Жақын жерде қамыс көп. Күн ысыса, құрғап тұрған қамыстың ортасына от түссе, аумақты жайпауы мүмкін. Мұндай қауіп былтыр төнген.
СТЕПАН НОСОВ, «СК Жол құрылыс тресі» ЖШС директоры:
– Бұл қамыс былтыр жанды. Береке жақтан бастау алған от бізге қарай келді. Оның үдеуіне қатты жел әсер етті. Салдарынан біздің серіктестікке қарайтын гараждарды от шалды.
Қаулаған қамыс серіктестікке тиіп тұр. Қауіптен арылу үшін оны шауып тастауға болады. Бірақ, басшылығы бұл жер біздің аумаққа жатпайды дейді. Төтенше жағдайлар басқармасының бас анықтаушысы Даниэль Саркисян осындай рейдке күнде шығады. Өйткені, өңірде қазір өрт қаупі басым кезең жүріп жатыр.
ДАНИЭЛЬ САРКИСЯН, қалалық төтенше жағдайлар басқармасының бас анықтаушысы:
– Маңайында қамыс өскен нысандарды аралап жүрміз. Ақпараттық-түсіндіру шарасымен Береке ықшам ауданы, Әуезов, Мүсірепов және Батыр баян көшелерінде орналасқан серіктестіктерді қамтимыз.
Өрт қаупі басым кезең басталғалы 30-дан астам нысанда түсіндіру шарасы жүргізілген.
Гүлден Сембаева