Қоғам

Тасқыннан зардап шеккен кәсіпкерлерді қолдау мәселесі талқыланды

Өңірге жұмыс сапарымен “Атамекен” ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Тимур Нақыпбеков пен Ұлттық экономика министрлігі департаментінің директоры Нұрбол Жаңабеков келді. Қос мейман тасқыннан зардап шеккен кәсіпкерлерді тыңдап, сұрақтарына жауап берді, жағдайларын өз көзімен көрді. Шығынға ұшырап отырған іскер жандардың бірі – Любовь Афанасова. Оның Косогор шағын ауданында орналасқан дүкенінде топан судан 10 млн теңгенің тауары құрдымға кеткен. Ал сауда нысанына техникалық тексеріс жүргізу үшін арнайы мамандар 700 мың теңге сұрап отыр дейді. Қалтасы қағылған кәсіпкердің қазір мұндай ақшасы жоқ көрінеді. Осы ретте министрлік өкілі Нұрбол Жаңабеков бағалау мен техникалық тексеру жұмыстарына қаражат төлеудің екі нұсқасы қарастырылғанын жеткізді.

НҰРБОЛ ЖАҢАБЕКОВ, ҚР ҰЭМ департамент директоры:

– Кәсіпкер уақыт жоғалтпау үшін бағалау компаниясын өзі жалдай алады. Кейін бұл шығынды әкімдік өтеп береді. Егер тіпті мүмкіндігі болмаса, әкімдік барлығын өз қолына алады. Бірақ, бұл уақытты қажет етеді. Мүліктің бүлінгенін растайтын құжаттарыңыз болса, онда барлық шығын мемлекет тарапынан өтеледі.

Мәселе бизнес субъектілеріне келтірілген залалды өтеу жөніндегі өңірлік комиссияның отырысында қаралмақ.
Астаналық делегация Ойқала шағын ауданындағы дүкен мен
Тепличное ауылындағы жиһаз цехін көрді. Мұнда да жағдай мәз емес. Жалпы, облыста 180-нен астам шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі зардап шеккен. Алдын ала бағалау бойынша тасқыннан келген залал 2,9 млрд теңгені құрап отыр. Облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Есжан Оразалин тығырықтан шығу жолдарын ұсынды.

ЕСЖАН ОРАЗАЛИН, облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры:

– Әкімдік, кәсіпкер және қызмет көрсететін компания арасында үшжақты келісім жасауға болады. Мұндай келісім бағалау және техникалық тексеру қызметінің төленетініне кепіл болар еді.

Жиынға қатысқан облыс әкімінің орынбасары Рүстем Құрманов “2024 жылғы су тасқыны салдарынан шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне келтірілген мүліктік шығынды өтеу қағидаларына” өзгеріс енгізуді ұсынды. Сондай-ақ, зардап шеккен бизнеске келтірілген залалды өтеу жөніндегі жұмысты тездету қажеттігін айтты.

 

Гүлден Сембаева