Құқық қорғау органдары

Облыста соңғы жылдары есірткі қылмысы 5 есеге артқан

Өңірде есірткі қылмысы да тыйылмай тұр. Аймақта соңғы 3 жыл ішінде қылмыс саны 5 есеге өскен. Мысалы, 2020 жылы 58 іс қозғалса, былтыр 300 факт тіркеліпті. Оның бір себебі БАҚ өкілдеріне айтылды. Қазіргі қоғамда зиянды затты алып-сату үрдісі тым оңай болып кеткен.

САЯН АСҚАРОВ, облыстық прокуратураның басқарма бастығы:

– Есірткі жарнамаларын тіркеу және оларды қолдануға бейімділіктің танымалдылығы артып келеді. Жарнамаға келетін болсақ, қылмыскерлер ерекше қиялды пайдаланбай-ақ, ақпараттық платформа ретінде «Телеграмм» әлеуметтік желісін пайдаланады. Мысалы, “Оператор кайфа” деп чаттар ашады. Ол жерге есірткінің түрі, салмағы мен бағасы туралы ақпараттар беріледі.

Есірткінің сатылымға шығарылуы – бір мәселе, оның қақпанына түсіп жатқан жастардың көбеюі – екінші мәселе. Назар аударарлық тағы бір жайт – кейінгі буынның қылмысқа баруы. Бұрын психотроптық заттардың заңсыз айналымымен ересектер айналысса, қазір бұған 17 мен 25-тегі жастар құмар. Өкінішке қарай, оңай ақша табамын деп опық жеп жатқандардың саны өсіп барады.

САЯН АСҚАРОВ, облыстық прокуратураның басқарма бастығы:

– Есірткі қылмысын төмендетудегі басты міндет – алдын алу болып қала береді. Ал нашақорлықтың алдын алу үшін жастар аудиториясымен жұмыс жүргізу қажет. Осы мақсатта ЖОО мен білім ұяларының жоғары сынып оқушылары арасында түсіндіру жұмыстары үнемі өтеді.

Қазір героин, марихуана, гашиш және тағы басқа нашалардың орнын тұз деп аталатыны басқан. Айта кету керек, облыста жыл басынан бері есірткі қылмысына қарсы 80 факті тіркеліп отыр.

 

Ақжүніс Мұқатай