Өңірде жасөспірімдер арасында кездесетін құқық бұзушылық азайғанымен, жағаұстатарлық жағдайлар бар. Өткен жылы Мағжан Жұмабаев ауданында бір топ бала бір баланы жабылып ұрып, ақыры өлтіріп тынған.
САЯН АСҚАРОВ, облыстық прокуратураның басқарма бастығы:
– Биыл облыс бойынша балалардың арасында 1 теріс қылық пен 7 қылмыс тіркелді. Оның 5-еуі аса ауыр түрге жатады. М.Жұмабаев ауданында кәмелетке толмаған бір топ бала бір баланы жабылып ұрып, өлтіріп тастаған. Қазір бұл іс бойынша тергеу жүріп жатыр.
Ұрлық, төбелес, дене жарақатын салу, одан қалды балағат сөз айту. Осы жайттардың барлығы кәмелетке толмаған ұл-қыздардың арасында жиі кездеседі.
САЯН АСҚАРОВ, облыстық прокуратураның басқарма бастығы:
– Мысалы, өткен жылғы қараша айында кәмелет жасқа толмаған бала қалалық полиция департаментінде қызметкерге намысына тиетін сөздер айтқан. Аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 378-бабы бойынша тергеу басталды. Нәтижесінде іс сотқа жіберілді. Сот үкімімен жасөспірімнің бостандығы 1 жыл 8 айға шектелді.
Жыл басынан бері 6 жасөспірім өз-өзіне қол жұмсаған.
Өз-өзіне қол жұмсау әрекетіне тұсау салынбай тұр. 5 айдың ішінде мұндай 6 оқиға орын алған. Жамбыл ауданында – 1-еу, қалған 5-еуі қалада тіркелген. Өз-өзіне қол салған балалардың жартысы толық емес отбасында тәрбиеленген немесе туыстарының қамқорлығында болған. Кеселдің аяғына тұсау салу үшін облыстық прокуратура жастармен кездесіп, түсіндіру жұмыстарына екпін беріп отыр.
ВИКТОР НАЙДА, облыс прокурорының аға көмекшісі:
– Барлық білім беру ұйымдарында балалар және олардың ата-аналарымен құқық бұзушылықтың, жыныстық зорлық, суицид пен қорқытудың алдын алу мәселелері бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Биылдың өзінде 345 дәріс оқылды. Прокуратураның мұрындық болуымен әкімдік, ювеналдық полиция және басқа да мүдделі тұлғалардың қызметкерлерінен мобильді топтар құрылды.
Қоса кетейік, денсаулығына қауіп төнген 8 балаға қатысты әке-шешесін ата-ана құқығынан айыру және құқығын шектеу туралы сотқа 7 арыз берілген. Қазір олар қаралуда.
Ақжүніс Мұқатай