Көлік жүргізушілері жылдамдық арттырудан бөлек, жол белгілеріне баса назар аударуы керек, қарама-қарсы бағытқа шықпау және ішімдік ішіп рөлге отырмауы тиіс. Өкінішке қарай, айтылғанның бәрі елене бермейді. Жыл басынан бері облыста 107 жайсыз оқиға тіркелген. Салдарынан 14 адам қаза тапты. Ажал құшқандардың біреуі – бала. Ал 168 адам жарақат алған. Апат саны өткен жылмен салыстырғанда 50 пайызға жоғары. Облыстық прокуратураның басқарма бастығы Саян Асқаровтың сөзінше, жол-көлік оқиғаларының арасында жиі кездесетіні – көліктердің бетпе-бет соқтығысуы. Жаяу жүргіншілерді соғып кетуге қатысты 36 жағдай тіркелген. Тұрғындардың көбісі жолдың белгіленбеген жерінен өтпек болған.
САЯН АСҚАРОВ, облыстық прокуратураның басқарма бастығы:
– Жол ережесін қатаң түрде сақтау қажет. Сіз ереже бұзу арқылы өзіңізге ғана емес, өзгеге де қауіп төндіруіңіз мүмкін. Әсіресе, жылдамдық пен машиналар арасындағы арақашықты қатаң сақтау керек. Сондай-ақ, білім беру мекемелері, жаяу жүргіншілер өткелдері және қоғамдық көлік аялдамалары жанында мүмкіндігінше сақ болуға шақырамын.