Экология

Тасқын қалдықтарын жағуға тыйым салынады

Тасқын басқан аумақтар тонна-тонна қалдықтың астында қалды. Қазір соны арнайы мамандар мен тұрғындар жинап жатыр. Бұл ретте назар аударуды қажет ететін мәселе бар. Жиналған қоқыс жағылмауы тиіс. Желді күні от бас көтерсе, жығылғанға жұдырық болары сөзсіз.

ДМИТРИЙ РАСТИХИН, СҚО ТЖД бастығының орынбасары:

– Барлық қоқыс сыртқа шығарылуы керек. Оны жағуға қатаң түрде тыйым салынады. Себебі, қарғын су әкелген қамыс өте кепкен. Тез тұтанып, сөндіретін адамдарға бой бермеуі мүмкін. Саяжай қауымдастықтарының басшыларын ақпараттық жұмыс жүргізуге шақырамын. Әрбір адам қауіп жайлы білуі тиіс.

Өкінішке қарай, статистика көңіл көншітпейді. Жыл басынан бері өңірде 14 адам қызыл жалыннан ажал құшқан. Жағдайды одан әрі ушықтырмау үшін қауіпсіздікке баса мән беру қажет. Осы орайда табиғатты қорғау да ұмыт қалмауы тиіс. Журналистер алдына шыққан бейінді басқарма басшысының орынбасары Ерлан Тәшімов саладағы өзекті мәселені көтерді, оны шешу жолын да баян етті.

ЕРЛАН ТӘШІМОВ, СҚО табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары:

– Техниканың жетіспеушілігі 12 пайызды құрайды. Биыл 2 өрт сөндіру көлігін алдық. Тағы 2 көлік қажет. Соңғы жылдары салаға бағытталатын қаржы көлемі артты. Біз алдағы 2 жылдың ішінде өзекті мәселе толық шешеміз деп ойлаймын.

Қазір бейінді басқарма мен ТЖД бірлесе тығыз жұмыс істеп жатыр. Арадағы әріптестіктің аясында өңірде апаттың алдын алу топтары құрылған. Айта кету қажет, биыл өңірде орман және дала өрті тіркелген жоқ.

 

Байболат Құлтанов