Балалар

Су тасқынынан зардап шеккен бір топ тұрғын шипажайға кетті

Қазір өңірде су тасқыны бойынша жағдай тұрақталып, тұрғындардың бір бөлігі үйлеріне оралуда. Ал біраз бөлігі әлі де болсын туған-туыс пен таныстың үйін паналауға мәжбүр. Осы ретте Еңбек және халықты әлеуметік қорғау министрлігі мен облыстық кәсіподақ орталығы қолдау көрсетіп, зардап шеккендерді шипажайға жіберіп жатыр.

ТАТЬЯНА БЕРЕСКАЯ, СҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары:

– Бүгін Щучинскідегі шипажайға жолға шығу жоспарланып отыр. 10 адам мамырдың 10-ы мен 19-ы аралығында сонда болады. Қазір шипажайдағы бос орындарға қатысты мәселе шешімін тауып жатыр. Соған қарай сапар жалғасын табады. Негізі, жоспар бойынша 6 орынға бару жоспарланған.

Келесі сапар мамырдың 12-ші жұлдызында Алматы қаласындағы “Көктем” шипажайына болмақ. Тұрғындар демалыс орнына тізім бойынша іріктеліп алынған. Демалушылар алдын ала ескертіледі.

ОЛЬГА ПЕТЕРС, Былғары зауыты кентінің тұрғыны:

– Отбасымызбен 2 қабатты үйдің біріншісінде тұрдық. Тасқын су үйдің шатырына дейін жетті. Әрине, бізді алдын ала ескертіп, эвакуациялады. Бірақ, дәл мұндай жағдай болады деп күтпедік. Бүгін шипажайға кетіп барамын. Осындай мүмкіндік беріп, жағдайымызды ойлап жатқан жандарға алғысым шексіз. Бізге өздері хабарласып, шақырту білдірді. Өзіміз ешқайда жүгінбедік.

Зардап шеккендер шипажайда 10 күн демалады. Барлық шығынды облыстық кәсіподақ орталығы өтейді.

 

Ақжүніс Мұқатай