Қоғам

Су басқан елді мекендерде сенбілік шарасы өтіп жатыр

Тепличное – тасқынның зардабы мол тиген аймақтың бірі. Біраз баспана судың астында қалып, дүние-мүлікке орасан зақым келді. Қазір аталған ауылды қалпына келтіру мақсатында, сенбілік шарасы тұрақты түрде өткізіліп жатыр. Іске еріктілер, әскерилер мен аудан тұрғындары жұмылдырылған.

СӘЛІМХАН СӘБИТОВ, облыстық ҚХА өкілі:

– Солтүстік Қазақстан ассамблеясының өкілдері, еріктілер мен курсанттар су кеткеннен кейінгі бірінші күннен бастап “Таза Қазақстан” акциясы аясында осындай сенбіліктерге қатысып жатыр. Жалпы саны 400-ге жуықтайды. Қатысушылар тек көшені ғана емес үй аулаларын тазартуға көмектеседі. “Күшіміз – бірлікте” деп ұрандатып, барынша қол шын созып жатырмыз.

Мүмкін қызыл судың астында қалған баспана тұруға жарамды болар, бірақ ішіндегі дүние-мүлік мүлдем қажетсіз күйде. Тазалық шарасына қатысып жатқандар осыған баса назар аударған көрінеді. Әр аулаға кіріп, су тиген заттарды сыртқа шығарып, артып жатыр.

АЛМА НҰРҒАЛИЕВА, Қызылжар ауданы әкімінің орынбасары:

– Зардап шеккендерге психологиялық және гуманитарлық тұрғыда көмек көрсетіп жатырмыз. Сондай-ақ, бірнеше күннен бері сенбілік шарасын өткізіп келеміз. Тағы айта кететіні, өздігінен үйіне жөндеу жұмысын жасай алмайтын тұрғындардың аты-жөнін жазып алып жүрмін. Оларға арнайы бригада жәрдемдесетін болады.

Игі бастамаға ауыл тұрғындары да белсене қатысуда. Олег Волошиннің баспанасы бастан-аяқ күрделі жөндеуді қажет етеді.

ОЛЕГ ВОЛОШИН, Тепличное ауылының тұрғыны:

– Біз 100 АЕК көлеміндегі көмекті алдық. Қазір танысымыздың үйінде тұрып жатырмыз. Үйді бағалаушылар келіп көрді. Көмектесеміз деді. Үйдің ішінде жарамды ештеңе қалмаған. Жалғыз теледидарымды аман алып қалдым. Үй жөндеуге келеді, құрғағанын күту керек.

Бұл ауылда зардап шеккен біраз тұрғын үй бар. Сондықтан, сенбілік шарасы алдағы уақытта да жалғасын табады.

 

Ақжүніс Мұқатай