Қоғам

Облыс әкімі Қызылжар ауданына барды

Қызылжар ауданында 1,5 мың үйді су басты, бүгінге дейін 500-ге жуық үй тексерілді. Тұрғын үйлердің пайдалануға жарамдылығын анықтау үшін техникалық зерттеу жүргізілуде. Үйлерді қалпына келтіру жұмыстарымен Қызылжар және Аққайың аудандарының механикаландырылған жасақтары айналысуда. Тепличное ауылының тұрғыны Олег Волошиннің үйіне су бір метрден жоғары кірген. Бүгінде үйді қалпына келтіру жұмыстары басталып кетті.

ОЛЕГ ВОЛОШИН, Тепличное ауылының тұрғыны:

– Біз үйдегі заттарды бір метрге көтеріп қойдық. Өкінішке қарай, ештеңені сақтай алмадық. Барлығы үйде қалқып жүрді. Тек ең биікте тұрған теледидарымызға су тимеген. Мехбригадалар қазір үйдің еденін алып тастады. Жөндеу жұмыстарын бастап кетті. Тезрек аяқтап, үйімізге кіруді күтіп отырмыз.

Өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов су тасқынынан зардап шеккен Прибрежное, Боголюбово, Надежка, Тепличное және Соколов ауылдарының тұрғындарымен кездесті. Ауылдықтарға үйді жөндеу мен сатып алу бойынша ережелерін түсіндіріп, халықтың сұрақтарына жауап берді.

ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Баспана иелері үйлерін өздері де жөндей алады. Ол үшін мемлекет үй иесінің шотына ақша аударады, сомасы бағалау комиссиясының шешіміне байланысты болады. Аудан басшылығына үйлерді бағалау мен техникалық зерттеуді жеделдетуді тапсырдым.

Өңір басшысы ауданға сапарында Соколовка ауылында тұратын тыл еңбеккері Николай Акуловтың шаңырағында болып, мерекемен құттықтады. Өңір басшысы еңбек ардагеріне мықты денсаулық, ұзақ ғұмыр мен отбасылық береке тіледі.

ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Жеңіс күні сізбен амандасып, хал-жағдайыңызды білуге келдім. Сонымен қатар, су тасқыны салдарынан зардап шеккен тұрғындармен кездестім, ауылдың судан кейінгі жағдайын қарауға келдім. Мереке құтты болсын, аман болыңыз.

Атап өткен жөн, жалпы облыс бойынша үш мыңнан астам үйді су басты. Қазіргі таңда үйлерді қалпына келтіру жұмыстары басталды. Сонымен қатар, тасқыннан зардап шекендерге барлығы – 500 үй салынады.