Кәсіпкерлер палатасының қабырғасында тасқыннан зардап шеккен іскер жандарға залалды өтеу жайлы айтылды. Жиынға Солтүстік Қазақстан облысы прокурорының бірінші орынбасары Әбу-Әли Саттар, Петропавл қаласы әкімінің орынбасары Сәния Смаилова және басқа да мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты. 3-ші мамырдағы ақпарға сүйенсек, Петропавл мен Қызылжар ауданында 176 бизнес субъектісіне шығын келген.
ӘБУ-ӘЛИ САТТАР, Солтүстік Қазақстан облысы прокурорының бірінші орынбасары:
– Келтірілген залал өтеледі деп толық сеніммен айта аламын. Президент айтқандай, мемлекет шағын бизнеске көмектеседі. Бәрі мүліктің қалай бағаланатынына байланысты болады. Прокуратура бұл істі қадағалайды. Енді зардап шеккен бизнес орындарында еңбек етіп жүріп, жұмысы мен табысынан айырылған және бір айдан астам жұмыссыз жүрген қызметкерлерге келейік. Біз мұндай адамдардың санын біліп, комиссия отырыстарында бұл мәселені көтереміз.
Жиында облыстық кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Марат Ысқақов 17-19 мамыр аралығында «Барс-Строй» дүкенінде құрылыс және әрлеу материалдарын сату жәрмеңкесі өтетінін айтты.
МАРАТ ЫСҚАҚОВ, Солтүстік Қазақстан облысы Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары:
– Биыл жәрмеңке «Бірге қайта құрамыз» ұранымен өтеді. Компания басшысы айтып өткендей, зардап шеккендерге барлық тауар үшін арнайы баға белгіленеді. Ол әдеттегі бағадан әлдеқайда төмен болады. Сонымен қатар, «Барс-Nord» компаниясы су тасқынынан зардап шеккендерге әр чектен 5% мөлшерінде ақша ұсынбақ. Кәсіпкер жәбірленуші мәртебесін алғаннан кейін біз палата ретінде бұл мәселеге араласамыз. Көмек қолын созамыз.
Шағын және орта бизнес субъектілеріне келтірілген мүліктік шығындардың орнын толтыру жөніндегі комиссиялар құрылды. Жергілікті атқарушы органдармен зардап шеккендердің тізімдері жасалуда, қызметтерін тапсырыс беруші, яғни әкімдіктер төлейтін бағалаушылар ұжымы құрылуда. Өзіміз жақсы білетіндей, бағалау жұмысы судың кетуіне байланысты жүргізіледі.
Байболат Құлтанов