Ясмина Өмірсерік бір жылдың көлемінде тоғызқұмалақ ойнайды. Сүйіп ойнайтыны соншалық, осы ұлттық ойынның арқасында математика пәніне қызығушылығы оянып, деңгейін арттырыпты. Жетістіктері баршылық. Кеше ғана тоғызқұмалақтың классикалық түрінен облыс чемпионы атанған.
ЯСМИНА ӨМІРСЕРІК, жарысқа қатысушы:
– Мен 4 сыныпта №25 мектепте оқимын. Кеше бірінші орын алдым. Кеше классикалық ойын болды. Ал бүгін блиц ойыны болады. Бізде мектепте тоғызқұмалақ үйірмесі бар. Оған 14 оқушы қатысады.
Тұрай Серікбаева да ұлттық ойын түрін мектебіндегі үйірмеде үйренген. Ол қазір айыртаулық жасөспіріммен сайысқа түскелі отыр. Қарсыласын бұрыннан біледі. Кімнің жеңерін айту қиындау болса да 12 жасар қыз жеңіске жететіне сенімді.
ТҰРАЙ СЕРІКБАЕВА, жарысқа қатысушы:
– Мен – Петропавл қаласынанмын. Тоғызқұмалақпен екі жыл айналасып келемін. Мен бұл қызбен бір рет ойнамағанмын. Сол кезде ол ұтқан еді. Бүгін мен ұтамын деп ойлаймын. Намысты қолдан бермеймін.
Қазақтың ұлттық ойыны – ақыл-ойды дамытуға арналған спорт түрі. Мұндағы тақта екі қазан, он сегіз отау, жүз алпыс екі құмалақтан тұрады.
Ойыншының міндеті – мейлінше көп құмалақты өз жағына жинау. Қуанышымызға орай, аймақта тоғызқұмалаққа қызығатын жастар жетерлік. Жылдан-жылға ден қоюшылардің саны көбейіп келеді.
МЕЙРАМБЕК ӨТЕНОВ, тоғызқұмалақтан облыстың бас бапкері:
– Біздің аймақта тоғызқұмалақ жақсы дамып келеді. Оған дәлел, 2023 жылдың қорытындысы бойынша СҚО – Қазақстанда үздік аймақ болып табылды. Жарысқа облысымыздың 7 ауданы және Петропавл қаласының оқушылары қатысып жатыр. Жалпы саны – 116 оқушы.
Жеңіске жеткен қатысушылар шілде айында Талдықорған қаласында өтетін республикалық чемпионатқа аттанып, облысымыздың намысын қорғайды.
Мәдина Қаби