БілімҚоғам

Оқушылар арасындағы буллингтің алдын алу

Оқушы, буллинг, ата-ананың қамқорлығы. Мектептегі зорлық-зомбылықпен қалай күресу қажет? Бүгін “Өрлеу” орталығының филиалында педагог-психолог мамандарға арналған «Буллингке қарсы іс-қимылдың тиімді жолдары» атты облыстық семинар-тренинг ұйымдастырылды. Қысым көрген баланың алдымен мінез-құлқы өзгереді екен. Оның өзі балаға әр түрлі әсер етеді: біреуі
агрессия танытса, енді біреуі тұйықталып, ешкіммен сөйлеспейді. Бұндай жағдай баланы суицидке итермелеуі мүмкін дейді Қызылжар ауданына қарасты Чапаев негізгі мектебінің педагог-психологы Мөлдір Иманбетова.

МӨЛДІР ИМАНБЕТОВА, Чапаев негізгі мектебінің педагог-психолог маманы, Қызылжар аудан:

– Оқушылар арасында кішігірім келіспеушіліктер орын алады. Сол себепті, біз оларды сенбіліктерге, түрлі іс-шараларға ат салыстырамыз. Оларды бақылауда ұстаймыз.

Қоғамда буллинг мектеп оқушыларының арасында ғана кездеспейді. Оған кез келген жастағы адам ұшырауы мүмкін. Мұндай құбылысты жоғары оқу орны мен жұмыста да байқауға болады. Алайда, «Көмек» оқу орталығына жүгінгендердің көбі – жеткіншектер. Ұйым жетекшісі Ғалия Баязитованың айтуынша баланы қорқыту жайттары орта буын сыныптарында жиі кездеседі екен.

ҒАЛИЯ БАЯЗИТОВА, «Көмек» оқу орталығының жетекшісі:

– Жәбір көрген оқушыны ең бірінші ұстаз анықтайды. Осындай жағдайда мұғалім бірден баланы сөзге тарту қажет. Ашық әңгімеге тартқаннан кейін бала қандай жағдай болды, не себепті болды, оны айта алады. Бұл бір күнде шешілетін мәселе емес, бір айлық немесе жарты жылдық болуы мүмкін. Қысым көрсетілген балаға жан-жақты көмек беру қажет.

Кез келген ата-ана баласымен ашық және жиі сөйлесіп отыруы қажет. Тек мектептегі үлгерімі жайлы ғана емес, қатарластарымен қарым-қатынасы қандай екенін білуі тиіс. Білікті маманға бір ай ішінде қысым көрген бірнеше оқушы барады екен.

ҒАЛИЯ БАЯЗИТОВА, «Көмек» оқу орталығының жетекшісі:

– Буллингке ұшыраған кезде емес, 1-2 жылдан кейін бірақ қана келеді. Қысым көрген бала өзі айтпайды. Ата-анасы бір белгілерден біліп қояды. Буллингке ұшыраған бала өзге ұл-қыздардан өзгеше болады. Оның себептері көп.

Қоғамда белең алған мәселені мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылы педагогтер съезінде көтерді.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, Қазақстан Респуликасының Президенті:

– Буллинг балалар мен жасөспірімдердің денсаулығына және олардың жан дүниесіне орны толмас зиянын тигізеді. Сондай-ақ, оқу үдерісіне кері әсер етеді. Балалардың әлеуметтік ортадан шеттеп қалуына, ой-санасының бұзылуына әкеп соқтырады. Мемлекет баланың құқығы мен қауіпсіздігінің қорғалуын қамтамасыз етуі керек.

Сондай-ақ, Президент буллингке біржола тосқауыл қою қажеттігін айтты.

 

Гүлден Сембаева