Облыс орталығында қазақ күресінен “Қызылжар барысы” турнирі өтуде. Барлығы – жарысқа сайдың тасындай іріктелген 32 балуан қатысуда. Жігіттер әр аудан намысын ту етіп, жарыс жеңімпазы болуды көздейді. Іріктеу кезеңінен іркілмей өткен 2 саңлақ шілде айында өтетін “Қазақстан барысы” республикалық сайысында теріскей намысын қорғайды.
СЕРГЕЙ МЕЛЕХОВ, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы:
– Бұл жарысқа атақты палуан, әлем чемпионы Алтынбек Аусағитов қатысуда. Өңірімізде төл күресімізді дамыту үшін ауқымды жұмыстар атқарылуда. Қазірдің өзінде облыс бойынша мыңға жуық бала қазақ күресімен айналысады. Болашақта Алтынбек сияқты чемпиондар шығатынына сенімім мол.
Бірінші болып жігіттер жеребе тартты. Палуандардың қарсыластары белгілі болды. Боз кілемге бірінші болып қызылжарлық Әділет Мырзаш пен уәлихандық Қанат Өмірзақ шықты. Белдесу басынан жігіттер жеңіске жетуге ұмтылды. Бәсеке тартысты өтті. Кездесу басында қызылжарлық қарсылысына ұтымды әдіс жасап, жамбас ұпайына ие болды. Осы ұпай кездесу тағдырын шешіп, қызыл берендегі палуан жеңімпаз атанды.
ӘДІЛЕТ МЫРЗАШ, жарысқа қатысушы, Қызылжар ауданы:
– Белдесу жақсы өтті. Қарсыласым мықты, өзімнің күрестегі ағам. Бір жерде дайындаламыз. Болашаққа мақсатым – Қазақстан барысы болу, дзюдодан әлем және олимпиада чемпионы атану.
Уақыт өткен сайын кіл мықтылар анықталуда. Кездесулер тартысты өтуде. Келген көрермендердің де қарасы қалың. Жалпы, өңірімізде қазақ күресі қарқынды дамып келеді. Шығып жатқан чемпиондар да аз емес. Төл күрестен облысымыздың бас бапкері Төлеген Жетпісбаевтың сөзінше, солтүстікқазақстандық палуандар бүкіл республикалық рейтинг бойынша үздік үштікке кіреді. Былтыр ғана теріскейден қазақ күресінен алғашқы әлем чемпионы шықты.
ТӨЛЕГЕН ЖЕТПІСБАЕВ, қазақ күресінен СҚО бас бапкері:
– Биылғы жылы ел астанасында көшпенділер ойындары өтеді. Сол жарысқа өңірімізден 3 палуан қатысады. Біздің спортшылар былтырғы жылы командалық сайыста Қазақстан кубогінде үздік үштікке кірсе, 4 жылда бір келетін ұлттық спорт фестивалінде 2-ші орын алды.
Жарыс қорытындысы бойынша жеңімпаз атанған палуан алтын белбеу мен 500 мың теңгеге ие болады.