Қуанышымызға орай, өңірімізде тасқын тартылып келеді. Мұны облыс орталығындағы Ойқала ықшам ауданына барған жан бірден аңғарады. Су әжептәуір төмен түскен. Назар аударарлық мәселе, көше бойларында, үй маңдарында кішкентай шалшық қалып, ұзақ уақыт кетпеуі мүмкін.
Бұған жол бермес үшін жергілікті билік су сору жұмысына кіріскен. Бірнеше тегеурінді сорғы сатып алынды. Гүрілдеген заманауи құрылғылар сағатына бәленбай текше метр тіршілік көзін Есіл өзеніне қарай бағыттайды.
РУСЛАН ИБРАЕВ, қалалық №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің аға инженері:
– Біз қазір Потанин көшесінің бойында су сору жұмысын жүргізіп жатырмыз. Іспен 10 адам айналысуда. Жылжымалы 8 мотопомпамыз бар. Бұл жерде біз жалғыз емеспіз. Қазір аудандардан бригадалар келіп жатыр. Біз біріксек, ортақ істі аз уақыттың ішінде тындырамыз.
“Жұмыла көтерген жүк жеңіл демекші”, Петропавлда өзге өңірдің мамандары әлі жүр. Мәселен, Ойқалада жергілікті құтқарушыларға жетісулық жігіттер қол ұшын созып жатыр.
УӘЛИХАН АМАНҚҰЛ, әскери бөлімнің аға лейтенанты, Жетісу облысы:
– 305 әскери қызмет 15 біріккен техника келді. Қазір осындай шашылған маңайларды, күл-қоқысты тазарту немесе бұзылған заттарды камазға артып, көмектесеміз. Қазір военныйларды осылайынан зардап шеккен әр түрлі облыстарға жіберіп жатыр.
Жігіттердің қалпына келтіру жұмысымен айналысып жатқанына 3 күн болды. Жоспар бойынша 2 тәулік ішінде Ойқалада жағдай оңалады. Мамандар осындай істі жалғастырса, күллі Петропавлда табиғи апаттың ізі де қалмайды.
Мәдина Қаби