Әрбір тепсе темір үзер азамат еңсесін тік ұстап, сарбаз ретінде ант қабылдауы қажет. Дана халқымыз “Ер міндеті – ел қорғау” деп бекер айтпаған. Алайда, арамызда мұны қаламайтын жастар бар. Олар түрлі себеппен әскерден жалтарады. Бұған етіміз үйреніп те қалды. Бірақ, жақында Петропавлда орын алған жағдай кез келген жанды таң қалдырады. 2 жігіт әскерге бара жатқан жерінен қашып кетті.
БАЙБОЛАТ ҚҰЛТАНОВ, тілші:
– Оқиғаның жай-жапсарын баяндайық. Қоғамның қызу талқысына түскен жастар Отан алдындағы борышты өтеу үшін Қарағанды облысындағы 85510 әскери бөліміне аттануы тиіс еді. Қолда бер дерекке сүйенсек, 2003 және 2004 жылы туған жігіттер кешкілік уақытта жергілікті теміржол вокзалында «Самара-Қарағанды» пойызына отырған. Сосын қатарластарын тастап, вагоннан рұқсатсыз шығып кеткен.
Қас пен көздің арасында із суытқан жастарды жауаптылар байқамай да қалған. Аталған дерек негізінде арнайы бап бойынша қылмыстық іс қозғалды. Іздеу жарияланды. Қазір қоғам арасында екіұшты пікір айтылуда. Кейбір жандар жігіттердің әлі ант қабылдамағанын алға тартып, олардың әскери міндетті емес екендерін жазуда. Мәселенің бүге-шүгесін түсіну үшін Петропавл гарнизонының әскери прокуроры Мейіржан Қасымжановпен жүздестік. Шенді заңда жазылғанды жіпке тізді.
МЕЙІРЖАН ҚАСЫМЖАНОВ, Петропавл гарнизонының әскери прокуроры:
– ҚР әскери қызмет және әскери қызметшілері туралы заңына сәйкес, әскери қызметті өткеру орнына кету туралы тиісті бастықтың бұйрығы шыққан күннен бастап әскерге шақырылушы әскери қызметші мәртебесін алады.
Қалалық басқармадан шақырылып, әскерге бара жатқан жерінен қашып кеткен жігіттер әлі табылған жоқ. Іздеу жалғасуда. Олар қолға түскен жағдайда бірнеше жылға сотталуы мүмкін.
МЕЙІРЖАН ҚАСЫМЖАНОВ, Петропавл гарнизонының әскери прокуроры:
– Аталған дерек бойынша Ақмола гарнизонының әскери полиция басқармасымен Қылмыстық кодекстің 441-бабы 2-бөлігі бойынша іс қозғалды. Аталған баппен бес жылға дейін мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалады.
Мұндай жағдай жиі бола бермейді. Әскери прокурор соңғы 5 жылда тіркелмегенін айтты. Қоса кетейік, қазір елімізде көктемгі әскерге шақыру науқаны жалғасып жатыр. Алдағы айда аяқталатын науқан қорытындысында 600-ге жуық солтүстікқазақстандық сарбаз атануы тиіс.
Байболат Құлтанов