МӘДИНА ҚАБИ, тілші:
– Күн жылып, кенелер қылаң етті. Күн ысыған жағдайда қаптауы мүмкін. Өйткені, осы улы жәндіктердің көбейетін мерзімі екен. Биыл өңірде кене шағу жайттары өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда көп емес дейді мамандар. Бірақ, соның өзінде 90-ға жуық жайт тіркелген. Кене шағып алған жандардың 20-сы – балалар.
Аталғандардың барлығы медициналық көмекке дер кезінде жүгінген. Жағдайлары жақсы.
АЙНАШ САҒЫНДЫҚОВА, СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бас маманы:
– Кенелер көптеген жұқпалы аурулардың қоздырғыштары ретінде қауіпті: Мысалы: кене энцефалиті, кене сүзегі, туляремия, кене беррилиоз. Ең қауіптісі – кене энцефалиті.
Ол адамның ми қабынуын тудырып, орталық жүйке жүйесінің зақымдануына әкеп соғады. Өткен жылғы статистиканы алатын болсақ, барлығы – 700-ге жуық адамды кене шаққан. 3-еуі кене энцефалитін жұқтырған. Биыл бұл дерт әзірге анықталған жоқ.
Бейінді департамент маманы Айнаш Сағындықова дизенсекциялық жұмыстарға тоқталды. Айтуынша, кене шағу жайттары Айыртау ауданында көп кездеседі екен.
АЙНАШ САҒЫНДЫҚОВА, СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бас маманы:
– Айыртау ауданындағы Айыртау және Лобаново ауылдарында кенеге қарсы дизенсекциялық шаралардың 1-ші туры аяқталды. Енді кене шағудың профилактикасына келетін болсақ: егер орманға шығатын болсаңыз, ең бірінші ақ түсті киім кию ұсынылады. Сонымен қатар, үстіңізден кенені тапсаңыз, оны спиртпен өңдеп және дереу медициналық көмекке жүгінуге кеңес береміз.
Облыс орталығында кенеге қарсы дезинсекциялық шаралар әлі жүргізілмепті.
Сақ жүрсең, сау жүресің. 6 ай қыстан кейін тұрғындар табиғат аясында демалғанды жақсы көреді. Осы ретте көзге әрең көрінетін кене көбінесе жерде жүретінін ұмытпау керек.
– Біз қалада тұрғандықтан, кене туралы көп біле бермейміз. Кене көбінесе ауылды жерде болатын сияқты. Дегенмен, табиғатқа шығатын болсақ, қауіпсіздік шарасын сақтау қажет екендігін жақсы білеміз.
– Бірінішіден, табиғатқа шыққанда жабық киіну қажет. Себебі, кене ұсақ, көзге көріне қоймайды. Қалай шағып алғанын байқамай да қаласың.
Мәдина Қаби