Денсаулық сақтау

Петропавлда алматылық гастроэнтеролог келіп, тұрғындарды қабылдады

Елімізде ішектің қабыну аурулары жиілеп барады. Ұзаққа созылған күйзеліс, вирустық инфекциялар мен дұрыс тамақтанбаудың кесірінен дерттің өсу көрсеткіші жоғарылауда. Мұны өңірімізге оңтүстік астанадан келген гастроэнтерелог-дәрігер Айнаш Танабаева айтып отыр.

АЙНАШ ТАНАБАЕВА, “Кардиология және ішкі аурулар” ҒЗИ гастроэнтеролог-дәрігері, Алматы қаласы:

– Науқастар бізге әр түрлі патологиямен хабарласады. Мысалы, асқазан жарасы, түрлі гепатиттік вирустар мен ішектің қабыну аурулары. Күніне осындай мәселемен 5-10 науқасты қабылдаймыз. Бүгінде ішек жарасы мен Крон ауруы секілді екі түрі көп кездеседі. Алғашқысында тек тоқ ішек зақымданса, екіншісінде ас қорыту жүйесінің кез келген бөлігі зақымдануы мүмкін. Қателеспесем, соңғы жылдары ойық жаралы колитпен 7 мыңдай, ал кронмен 2 мыңға жуық адам тіркелген.

16 жылдық тәжірибесі бар дәрігер қаламызға кеше келген. Бүгін облыстық ауруханада ем алып жатқан науқастарға жеке қабылдау жұмыстарын жүргізді. Арасында арнайы емес жаралы колит дертімен 4 жыл бойы күресіп келе жатқан қала тұрғыны Айгүл Ахметова бар.

АЙГҮЛ АХМЕТОВА, қала тұрғыны:

– Осы емханада 4 жыл бой ем алып келе жатырмын. Әр ай сайын осы ауруханаға жатамын. Кеше маған хабарласып, Алматыдан дәрігер келетінін айтқан еді. Соны естіп, келіп отырмын. Нақты жауап алғым және бұл ауруды жеңуге бола ма екенін білгім келеді.

Бүгінде бұл патология 40 жасқа дейінгі адамдардан жиі анықтала бастапты. Балалар мен жасөспірімдердің де арасында дендеуі байқалады. Кеселге шалдықпау үшін дұрыс тамақтануды қолға алу керек екені бәріне түсінікті. Дегенмен, қарапайым ережені сақтамай, ем іздеп, аурухананың табалдырығын тоздыратындар азаймай тұр. Қоса кетейік, күннің екінші жартысында арнайы келген маман өңір дәрігерлеріне шеберлік сағатын өткізбек.

 

Ақжүніс Мұқатай