АҚЖҮНІС МҰҚАТАЙ, тілші:
– Мүңкіген иіс пен қолқаны қапқан қолаңса. Мына қоқыс Уәлиханов көшесі, 8 мекенжайындағы тұрғын үйдің жанында тау болып үйіліп жатыр. Қоқыстың шығарылмағанына бірнеше аптадан асып кетіпті.
Мұндай көріністі тек бұл мекенжайдан ғана емес, қаламыздың басқа да түкпірінен көруге болады. Уақытылы шығарылмай қалған үйіндінің күлімсі иісін алыстан-ақ сезесің. Аузы-мұрнынан шыға толып тұрған контейнерлерге тұрғындардың да көзі үйренгендей.
– Бұл жағдай қыс болсын, жаз болсын үнемі қайталанады. Қоқыс шығаратын кәсіпорын жұмысшылары контейнерлердің ішіндегісін алып кетеді. Сыртындағы қатты тұрмыстық қалдықтар со күйі қалады. Жатқанына біраз уақыт болды. Біз жиналып, сенбілік шараларын өткіземіз. Жақында ғана айналаны тазарттық.
– Негізі, қоқысты уақытында алып кететін. Бұл жолы жағдай басқаша. Мына маңайда тұратын адамдардың барлығы қоқысты осы жерге әкеліп тастайды.
Бұл құбылыс жиі қайталанбаса да орын алатыны түсінікті. Аула тұрғындары маңайда үйлер көп болғандықтан қоқыс тастайтын тағы қосымша пункт орнату арқылы мәселені жеңілдетуге болады деген ойда. Жауыр болған мәселеге қоқыс шығаратын кәсіпорын басшысы Мұрат Есмұқанов былай деп жауап берді.
МҰРАТ ЕСМҰҚАНОВ, «КоммунСевер» ЖШС басшысы:
– Біздің ұсынысымыз – бұл қоқыс алаңын гараждардан алысқа көшіру керек, себебі, қоқыс гараждардан осы учаскеге тасымалданады. Бұл мәселе 10 жылдан астам уақыт бойы көтеріліп келеді. Қайда орналастыру қажеттігін тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің мамандары анықтай алады. Ол үшін төраға бейінді бөлімге хабарласып, орналасу схемасын жасауы тиіс.
Кәсіпорын басшысының сөзінше бұл мәселе алдағы уақытта шешімін табады.
Ақжүніс Мұқатай