Қоғам

Маусымаралық кезеңде көкөніс бағасының өсуіне жол беруге болмайды

Премьер-Министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен кеңесте маусымаралық кезеңде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік пен көкөніс құнының тұрақтылығын қамтамасыз ету жөніндегі шаралар талқыланды. Қазақстанда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының баға индексі үш апта қатарынан төмендеп келеді. Бағаның төмендеуі қарақұмық жармасы, пияз, күнбағыс майы, ұн және басқа да өнімдер бойынша байқалып отыр.

АРМАН ШАҚҚАЛИЕВ, ҚР сауда және интеграция министрі:

– Маусымаралық кезеңде көкөніс бағасының анағұрлым ауытқуына жол бермеу үшін Үкімет Өзбекстан және Тәжікстан жеткізушілерімен тікелей келісімшарт жасау мүмкіндіктерін алдын ала пысықтады. Сауда және интеграция министрлігінің ведомстволық бағыныстағы ұйымы – «QazTrade» АҚ өзбек және тәжік серіктестерімен тиісті шарттарға қол қойды. Жалпы алғанда, әкімдіктерге кемінде 18,6 мың тонна картоп, 7,2 мың тонна сәбіз және 5 мың тонна пиязға алдын ала келісімшарт жасау қажет.

Қазақстанның барлық өңірінің қажеттіліктерін қамтамасыз ету және маусымаралық кезеңде көкөністер бағасының ауытқуын болдырмау үшін Премьер-Министр келісімшарттарды уақытылы бекітуді және өнімнің үздіксіз жеткізілуін қамтамасыз етуді тапсырды. Сонымен қатар, отырыста пайдакүнем делдалдармен күрес жайы да пысықталды.

АРМАН ШАҚҚАЛИЕВ, ҚР сауда және интеграция министрі:

– Бақылау-фискалдық және құқық қорғау органдарын тарту арқылы өңірлік комиссиялардың қызметі қайта қаралып, күшейтілді. Жыл басынан бері сауда үстемелерін асыру және өнімсіз делдалдардың болуы бойынша мыңнан астам әкімшілік іс қозғалды.

 

Байболат Құлтанов