Өңірде интернет-алаяқтық тыйылмай тұр. Қулар халықты қармаққа түсіру үшін жаңа тәсіл ойлап тапқан. Тасқыннан зардап шеккен жандарға арналған чатқа әлдебіреу шетелдік нөмір арқылы “Қиыншылық көрген әр жанға 5 млн теңге беріледі”,- деп жалған ақпарат таратқан. Ал сол төлемді алу үшін сілтеме бойынша өту ұсынылған. Сілтемеге өткен бойда Whatsapp аккаунтындағы барлық байланыс нөмірлеріне қарызға ақша алу туралы өтініш және қуларға тиесілі есепшот нөмірі көрсетілген хабарлама жіберіледі екен. Халық сан соғып қалмас үшін криминалдық полиция өкілдері күмәнді деректерге сенбеуге шақырады.
ВИТАЛИЙ ПОДЧЕРНИН, СҚО ПД КПБ аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі:
– Фишингтік сілтеме уақытылы жойылып, чаттың әкімшісі күдікті пайдаланушыны топтан өшіріп тастады. Алаяқтар адамдарды өз торларына түсіру үшін кез келген ақпараттық жағдайды пайдалануға дайын. Күмәнді сілтемелер арқылы өтпеңіздер, тек ресми дереккөздерге ғана сеніңіздер.