Қоғам

Бос орындар жәрмеңкесі

Петропавлда кезекті бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өтті.
Жәрмеңке әдеттегідей белгілі бір нысанда емес, көшеде ұйымдастырылды. Яғни, қаз-қатар тізілген мамандарға ерсілі-қарсылы өткен кез келген адам жолығып, жұмыс бойынша толғандырған сұрағын қоя алады. Мамандар – “Мансап” орталығы мен банк қызметкерлері. Шара 16 мен 35 жас аралығындағыларға арналған. Мансаптықтар келген жастарға “Жасыл ел” жайлы айтты. Таяу арада оқу аяқталады, қолы босаған болашақ кәсіп иелері айналаны көркейтіп нәпақа таба алады.

ЖҰЛДЫЗ ТОҚТАРҒАЗЫ, қоғамдық даму және ақпарат орталығының маманы:

– Оған 16 мен 29 жас аралығындағы адамдар қатыса алады. Өзінің белгілі бір мерзімінде атқарылатын жұмыс. Дей тұрғанмен жастардың қызығушылығы көп. Бұл ата-анасының рұқсатын алу, құжаттарын тапсыру арқылы жүргізіледі. Бұны еріктілікпен шатыстыруға болмайды. Еріктілік рахметке жұмыс істесе, ал бұл жұмыста жалақы төленеді.

Жәрмеңкеде банк қызметкерлері не істеді? Олар жастарға келешекте баспаналы болуға мүмкіндік беретін бағдарламалар туралы айтты.

НАЗАР КӨККӨЗЕВ, студент:

– Маған “Қызылжар жастары” деген ипотекалық бағадарлама туралы түсіндіріп берді. Оған 18 бен 35 жастағы азаматтар қатыса алады екен. Бұл жөнінде егжей-тегжейлі сұрастырамын. Негізі, осы шаралардың пайдасы мол. Бүкіл маман көз алдыңда отыр, кеңсе іздеп, уақыт жоғалтпай, сұрақтың жауабын осы жерден табуға болады.

Осындай шара өткізіп әрі кеңседе қабылдаған мансаптықтар жыл басынан бері 600-ден астам адамды тұрақты жұмыспен қамтыған. Оның дені – жастар. Осы ретте жас мамандарға арналған бірнеше бағдарлама бар дейді “Мансап” өкілдері. Соның бірі – “Жастар тәжірибесі”.

КӘМИЛА СЕЙТҚАЗИНА, қалалық “Мансап” орталығының маманы:

– Дәл қазіргі уақытта “Жастар тәжірибесі” бағдарламасы бойынша 100-ден астам адам жұмыс істеп жатыр. Жыл соңына дейін 200-ге жуығын қамтымақпыз. Практиканың ұзақтығы 12 айдан аспайды. Айына жалақы көлемі кемінде 30 айлық есептік көрсеткішті құрайды. Оны мемлекет төлейді. Кейін сол жерге тұрақты түрде жұмысқа орналаса алады.

Кейін белсенділер аялдамада тұрған тұрғындарға және қоғамдық көліктегі жолаушыларға жаднама тартты.

 

Гүлден Сембаева