БАЙБОЛАТ БЕКТЕМІРҰЛЫ, тілші:
– Бүгін – Қазақстан халқының бірлігі күні! 1995 жылдың 18 қазаны. Дәл осы датада тәуелсіз елдің тұрғындарын одан әрі біріктіре түсетін мереке пайда болды. Ол 96-шы жылдан бастап атап өтіліп келеді. Дәстүрлі мейрам қарсаңында Астанада Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» атты ХХХІІІ сессиясы өтті. Алқалы жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев аса маңызды тұстарға кеңінен тоқталды.
Елімізде бірлік деген ұғымның Бірлік күні қарсаңында мән-мағынасы тереңдеп, қасиеті арта түскендей. Мамыражай мамыр таяған шақта тасқын бірнеше аймақты басты. Қиын-қыстау шақта өзара түсінікті ту еткен қазақстандықтар топан суға бірлесе қарсы тұрды. Әрине, табиғи апат пен адам күшін салыстыруға келмейді. Дегенмен, ұйымшылдық біраз аумақты қорғап қалуға септігін тигізді. Сессияда Мемлекет басшысы осыған жиі тоқталды.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, Қазақстан Республикасының Президенті:
– Қазақта «Алпыс күн тасыған дария, алты күнде қайтады» деген сөз бар. Көп ұзамай қарғын су кетіп, жұрт күнделікті өмірге оралады. «Әр қиындықтың қайыры бар» дейді халқымыз. Біріншіден, тасқын кезінде ел бірлігі нығая түсті. Арқадағы ағайынға, Жайықтағы жұртқа бүкіл Қазақстан халқы көмектесуге ұмтылды. Апат аймағында тұратын адамдар барша отандасымыздың шынайы жанашырлығын сезінді. Екіншіден, елдің жағдайын жақсарту үшін ешкім қиындықтың келуін күтіп отырмайтыны анық. Дегенмен мұндай апаттар біраз шаруаны шұғыл қолға алуға себепкер болады. Тасқын аяқталған соң кейбір ауылдар тың жерге қоныстанып, жаңадан бой көтереді. Жол салынады, су тартылады. Ауылдарымыз мүлде жаңа келбетке ие болады. Жалпы, әлемдегі үлкен дағдарыстардың қарқынды дамуға жол ашатыны белгілі. Қазіргі алапат тасқын да, түптеп келгенде, елімізге оң әсерін тигізеді деп ойлаймын. Сын сағатта жұдырықтай жұмылған жұртымыз осы қалпында Өрлеу, Жаңғыру кезеңіне қадам басады. Бәрі де жақсы болады.
Болашаққа сенім мол. Топан су бәрімізге сабақ болды. Қазір ел билігі енді мұндай апатқа жол бермеу үшін ауқымды жоспар әзірлеп жатыр.
Еліміздің 11 аймағында жаңадан 20 бөген салынады, тағы 15-іне күрделі жөндеу жүргізіледі. Бұл қауіпсіздікке ауыз толтырып айтарлықтай әсер етпек. Қазақстанның ең қымбат қазынасы – адам. “Бірлік болмай, тірлік болмас” дегендей, Алтай мен Атыраудың арасын мекен еткен ағайынға ауызбіршіліктен айрылмаған абзал. Жалпақ жұрттың тағы бір негізгі міндеттерінің бірі – саналы ұрпақ тәрбиелеу. Осы орайда Президент қашық боларлық 5 нәрсеге кезекті мәрте тоқталды.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, Қазақстан Республикасының Президенті:
– Мен Ұлттық құрылтайда қазір елге қауіп төндіріп тұрған бес кеселге тоқталдым. Ассамблея нашақорлық, құмарпаздық (лудомания), тұрмыстық зорлық-зомбылық, вандализм және ысырапшылдық сияқты әлеуметтік кеселдермен күресу ісінде маңызды рөл атқарады. Қауіпсіз өмір сүру үшін осындай қатерлі құбылыстардан біржола арылуымыз керек. Бұл – әсіресе, ұрпақтың болашағы үшін айрықша маңызды. Біз балалар мен жастарды барынша қорғап, дұрыс тәрбиелеуіміз қажет. Қоғамдық кеселдерді түбірімен жоямыз десек, ортақ іске бүкіл ел болып жұмылған жөн. Ұлтына, дініне, әлеуметтік жағдайына қарамастан, оған барлығы атсалысуы керек.
Ассамблея жай ғана құрылым емес. Түрлі ұлт өкілдерін бір шаңырақ астына жиған қоғамдық ұйым – елдегі тұрақтылықты сақтауға әрі нығайтуға зор үлес қосатын институт. Елде этно-әлеуметтік шиеленіс ошақтарын анықтауға және ондай оқиғалардың алдын алуға баса мән берілген. Бұл жұмыс жалғасын табуы қажет.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, Қазақстан Республикасының Президенті:
– Алматы, Жамбыл және Түркістан облыстарының мамандары этномедиацияға қатысты жұмысты қолға алды. Оның ауқымын кеңейтіп, бұл тәжірибені Ассамблеяның барлық ұйымдарына тарату қажет. Ассамблеяны әлеуметтік тұтастық пен отаншылдықты дәріптейтін институт ретінде нығайту керек. Ең алдымен, Ақсақалдар кеңесі және Аналар кеңесі сияқты тиімді құрылымдарды дамыта түскен абзал. Министрліктер және әкімдіктер олардың қызметіне қолдау көрсетуі қажет. Арнайы гранттар бөліп, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстар беруі керек.
Осы ретте облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы айтпай кетпеу мүмкін емес. Бұл қоғамдық орган ондаған ұлт өкілі тұратын аққайыңдар өлкесінің айрандай ұюына ауқымды үлес қосып отыр. Әр мерекеде көпшілік арасынан табылады. Жылы лебіздерін де білдіріп тұрады.
ЧИНГИЗ КУРБАНОВ, облыстық әзірбайжан этномәдени орталығының төрағасы:
– Өзімнің және орталықтың атынан бүкіл қазақстандықтарды құттаймын.
“Алтау ала болса ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса төбедегі келеді” дегендей, бірлік – баршамыз үшін үлкен ұғым. Астанадаға алқалы жиында Қасым-Жомарт Тоқаев ел тұрғындарын үнемі бір жеңнен қол шығаруға шақырды. Әрқайсысымыздың алдында зор міндет тұр. Ол қасиетті қара шаңырағымыз – Қазақстанның жарқын болашағын бірге жасау!
Байболат Құлтанов