Су тасқыны – халқымыздың жадында біразға дейін сақталатын оқиға болды деп айтуға болады. Астарында қаншама күлкісіз күндер мен ұйқысыз түндер жатыр. Оның ішінде еріктілердің еңбегін атап өтпесек болмас. Мәжбүрсіз, өз ынталарымен қиын жағдайда қалған халыққа көмектесіп, керек-жарақтарын тасымалдап жүрген волонтерлердің еңбегі ерлікке пара-пар.
СӘУЛЕ ТАХМЕТОВА, “СҚО-ның Күміс еріктілері” ҚБ жетекшісі:
– Біздің ұйымның өкілдері өте жауапты, белсенді әрі көңілді. Біздің өңірге қарғын су келген мезетте еріктілеріміз бен ардагерлеріміз қол қусырып отырған жоқ. Бірден зардап шеккен жерлестерімізге қол ұшын созуға кірісіп кетті. Мемлекет басшысы айтқандай біз мұндай қиын-қыстау шақты тек бірлік танытып қана жеңе аламыз.
“СҚО-ның Күміс еріктілері” қоғамдық бірлестігінің өкілдері топан су кірген аймақтарға барып, жайтқа өз көздерімен куә болған.
СӘУЛЕ ТАХМЕТОВА, “СҚО-ның Күміс еріктілері” ҚБ жетекшісі:
– Тепличное мен Прибрежное елді мекендеріне су кірді деген кезде қалалық жастар ресурстық орталығының өкілдерімен көмек көрсетеміз деп шештік. Аталған ауылдарға бардық. Біздің ер азаматтар бөгеттерді нығайтуға көмектесті. Тағы еліміздің өзге аймақтарынан көмекке келген әскерилерді қуаттандыру үшін тамақ дайындадық. Жылы киімдер де тараттық. Осы сәтте өзімнің жанашыр әріптестеріме зор алғысымды білдіргім келеді.
Ерікті туралы сөз қозғағанда жастар ресурстық орталығының еріктілерін ұмыт қалдыруға болмайды. Табиғи апат кезінде мың жарымнан астам ұл-қыз білек сыбана жұмыс істеген еді.
ДАМИР ӘБДИН, қалалық жастар ресурстық орталығының жетекшісі:
– Біз 13 сәуір күні гуманитарлық көмек тарататын орталық аштық. Хромзауыт, Заречный пен Ойқала ауданының зардап шеккен тұрғындарына жәрдемдестік. Күріш, макарон, қарақұмық және тағы басқа ең бірінші қажетті азық-түлік қорын тараттық. Табиғи апат басталғалы шамамен 3 мыңға жуық түйіншек көмек бердік.
Су тасқыны басталғалы 1 ай болса, Дариға Смаилова және оның әріптестері содан бері гуманитарлық көмек таратумен айналысып келеді. Күн-түн демей зардап шеккендерге азық-түлік таратып, керек-жарағын түгендейді.
ДАРИҒА СМАИЛОВА, облыстық ҚХА жастар қанатының төрағасы:
– Биылғы жылы бұрын-соңды болмаған су тасқынына тап болдық. Біздің облыс та зардап шекті. Ассамблея жастары өкілдігінің белсенділері әлі күнге дейін су тасқынынан зардап шеккен жандарға көмектесіп жатыр. Бүгінгі Қазақстан халқының бірлігі күні зор маңызға ие болды. Осы айтулы мерекемен шын жүректен құттықтаймын.
Бұл жандар “Жұмыла көтерген жүк жеңіл” сөзін ұранға айналдырған. Осы бір қолдаудың арқасында әрі қарай тынбай еңбек етуді жалғастырмақ.
Ақжүніс Мұқатай