ТЖ

Прибрежное ауылының тұрғындары қайықпен тасымалдануда

Прибрежное аралға айналғалы қашан? Жан-жақтан қаумалаған қарғын су ауылды өзгелерінен кесіп тастады. Мұнда барлығы – 567 үй болса, соның 225-ін су басқан. Тасқыннан зардап шеккен тұрғындар қаладағы жатақханалар мен туыстарын паналауда. Су тимеген үйлердің иелері отбасыларымен осында. Қазір ауылда 2 мыңға жуық адамның мыңнан астамы тұрып жатыр. Солардың бірі – Әлік Мұрсәлім.

ӘЛІК МҰРСӘЛІМ, Прибрежное ауылының тұрғыны, Қызылжар ауданы:

– Судың қатты болғаны соншалық, бөгетті бұзып өтті. Ауылды су басты. Су басқаннан кейін мектепте бір күн болдық. Одан кейін Бескөлге эвакуациялады. Қалада тұрдым 1-2 күн. Он күннен кейін үйге келдік. Қайықпен бізді шығарады, онымен жеткізеді.

Әлік Мұрсәлім сияқты ауылда біраз адам қалада жұмыс істейді. Жұмысшы қауым, қалада керек-жарағын алғысы келген азаматтар бергі жаққа қайықпен жеткізіледі. Су көлігінің 5-еуі бар.
Екеуі ауыл тұсында тұрса, қалғаны қала жақтағы жағаға байланған. Елді мекенге бағытталған гуманитарлық көмек су көлігімен жеткізіледі.

Бір қайыққа 5 адам мінеді. Одан көп отырғызуға болмайды, аударылып кетуі мүмкін. Моторлы қайықты құтқарушының өзі басқарады. Осылай күніне бірнеше рейс жасайды. Ат шаптырым аралыққа қайықпен 20 минутта жетеді екен.

НАРИМАН АШАМАЕВ, СҚО ТЖД бастығының орынбасары:

– Тұрғындардың барлығын уақытылы тасымалдауға тырысамыз. Міндетті түрде желет кигіземіз. Қатты жел тұрса адам тасымалдауды доғара тұрамыз. Өйткені, қайық аударылып кетуі мүмкін.

Наталья Петрова қалада жұмыс істейді. Діттеген жерге уақытында жету үшін бұрынғыдай емес, 2 сағат ерте шығады екен.

НАТАЛЬЯ ПЕТРОВА, Прибрежное ауылының тұрғыны, Қызылжар ауданы:

– Жұмысқа бара жатырмын. Осылай күнде қатынап жүрміз. Басында судан қорқушы едік, қазір үйреніп алдық. Осы ретте күні-түні еңбек етіп жатқан құтқарушыларға ризашылығымды білдіремін.

Ауылдан қайық таңғы 6-да шығады. Кешке қаладан қайтқан адамдар үйлеріне жетіп үлгереді. Біз кездестірген адамдардың арасында жағада қалып қойғандары жоқ. Көп дегенде қайықты 5 минут күтеміз дейді. Бер жаққа өткен тұрғындар қалаға қалай жетеді деген сұрақ туындайды? Біразы Бескөлге қатынайтын автобуспен жүреді, кейбіреуін туыстары алып кетеді екен. Ал қалғаны жағада қалдырған өз көліктерімен жетеді. Айта кетейік, көліктер күзетіледі.

 

Мәдина Қаби