Мәдениет

НЗМ-да домбырашылар байқауы өтті

Петропавл қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде «Дала сазы» атты домбырашылар байқауы өтті. Шара ұстаздар мен мектеп белсендісі Абылайхан Жоламановтың ұйымдастыруымен осымен үшінші жыл қатарынан өткізіліп келеді. Шығармашылық сайысқа облыс орталығы мен өңіріміздің Жамбыл, Қызылжар, Шал ақын аудандарынан ат терлетіп келген жеткіншектер қатысты.

МҰХАММЕДИЯР МҰҚАШ, байқауға қатысушы:

– Менің бұл өнермен айналысқаныма 1 жылдан асты. Домбыра тартуды Youtube арқылы үйрендім. Бұндай конкурстарға бірінші рет қатысқандықтан қатты қобалжыдым.

Төл өнерді түлету мақсатында ұйымдастырылған байқауға 12 өнерпаз қатысты. Жарыс екі кезеңнен тұрды. Жеткіншектердің домбыра қағыстары көз сүйсіндіреді. Кіл жүйріктердің барлығы – бірінен-бірі озған өнерпаздар.

АБЫЛАЙХАН ЖОЛАМАН, ұйымдастырушы:

– Негізі, жарыс балалар өз деңгейін көрсету мақсатында өтті. Осы сияқты байқауларды жиі өткіземіз.

Байқау нәтижесінде жеңімпаз болып Жамбыл ауданынан келген жас талант Нариман Лезбаев танылды. Жарыста өзін жақсы қырынан көрсеткен кешегі сал-серілердің ізбасарлары өңіріміздің намысын республикалық байқауларда қорғайтын болады.