Солтүстік Қазақстан облыстық қоғамдық кеңесінің кезекті отырысында коммуналдық қызмет тарифтерінің негізсіз өсуіне жол бермеу мәселесі қаралды. Шақырылған спикер – Табиғи монополияларды реттеу комитеті облыстық департаментінің басшысы Дамир Тоқтамысов. Саланың жілігін шағып, майын ішкен маман бірнеше беттік баяндамасында атқарылған жұмыс пен жоспарды түгел қамтыды.
ДАМИР ТОҚТАМЫСОВ, ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу комитеті СҚО бойынша департаментінің басшысы:
– Департаментпен 57 субъектінің қызметі реттеледі. 72 қызмет түрі ұсынылады.
Табиғи монополиялар субъектілері тарифті көтеру жайлы департаментке өтініш білдіреді. Біреуі жиі жүгінеді, екіншісі араға жылдар салады. Бұл – дәстүрлі құбылыс. Осы орайда мемлекеттік орган өкілдерінің мойнына жауапкершілік жүгі артылады. Басты міндет – бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу.
ДАМИР ТОҚТАМЫСОВ, ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу комитеті СҚО бойынша департаментінің басшысы:
– Ағымдағы жылдың алғашқы тоқсанында табиғи монополиялар субъектілерінен тарифті қабылдау бойынша 34 өтініш түсті. Нәтижесінде 21 құжат қаралып, қабылданды. Ал 13 ұсыныс қабылдау сатысында кері қайтарылды. Яғни, мақұлданбады.
Табиғи монополиялар субъектілері өзара келісімге келіп, тарифті көтеру жайлы ұсыныс білдіруі немесе жеке дара бағаны ұлғайтуы мүмкін бе? Мүмкін емес екен. Баяндамашы әр өтініш қаралатынын айтты. Егер бұзушылық тіркелсе, жаза арқалайды.
ДАМИР ТОҚТАМЫСОВ, ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу комитеті СҚО бойынша департаментінің басшысы:
– “Қамқор-2023” компаниясы өз еркімен тарифті бекіткен. Біз тексеріс жүргіздік. Нәтижесінде тариф төмендеді, 588 мың теңге көлемінде айыппұл салынды.
Баяндама аяқталған соң қоғамдық кеңес мүшелері спикерге бірнеше сұрақ қойды. Ұсыныс та білдірді. Дөңгелек үстелге жайғасқан жандар табиғи монополиялар субъектілерінен түскен өтініштерді бірлесе қарауға ниетті. Дамир Тоқтамысов айтылғанды қағазға түртіп алды.
Байболат Құлтанов